Көп балалы ана Перу лалагүлін өсіру ісін қолға алды

Талдықорған қаласының іргесіндегі Мұқыры ауылында тұратын көп балалы ана Перу лалагүлін өсіру ісін қолға алды.

Гүлтанушылар әдетте альстомерия деп аталатын бұл гүл түрін достық пен сыйластықтың символына балайды. 5 баланың анасы Балжан Нүсіп біраз уақыт бұрын өзінің шағын жылыжайын ашып, осы көпжылдық өсімдікті өсіруге бел буған. Тарихи отаны Оңтүстік Америка деп есептелетін бұл гүлдің ең басты ерекшелігі ұзақ сақталатындығында. Сабағынан үзілгеннен кейін де оның түйіндері бір ай бойы гүл атып тұра береді. Жылыжай әзірге көмірмен жылытылады. Болашақта табиғи газ кіргізгілері келеді. Өйткені ондағы ауа температурасы +10 градустан төмен болмауы керек. Балжанға бұл істе сабақтан бос уақытында балалары мен енесі көмектеседі. Соның арқасында шағын ғана ауылдағы осы жылыжайда гүлдердің алуан түсі жайқалып тұр.     

Азамат Жұмағұлов, оқушы:

- Жылыжайға келіп гүл жұламын. Теплицаның төбесін жауып, апама көмектесем. Арамшөптерді жұламын.  Сосын күлдерін шығарамын. Оттарын жағып көмектесемін.

Балжан Нүсіп, ауыл тұрғыны:

- Көп балалы отбасы болғандықтан біз осылай балаларымызды еңбекке баулу мақсатында осындай жылыжайды ашып, өздерінің еңбегін, өздерінің нанын адал табуды мақсат етіп отырмыз.