Қызылорда облысында туристерге қызмет көрсететін 6 кешен салынады

Қызылорда облысында 3,3 млрд теңгеге туристерге қызмет көрсететін 6 кешен салынады.

Бұл нысандардың құрылысына жұмсалған қаржының 10 проценті мемлекет тарапынан субсидияланбақ. Мұндай мемлекеттік көмекке кәсіпкерлер алғаш рет қол жеткізіп отыр. Сыр өңіріндегі туризмді дамыту үшін тағы қандай шаралар қолға алынған?

Қызылорда облысының барлық ауданы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолын бойлай орналасқан. Соның бірі Қармақшы. Бұл мекен жер кіндігі Байқоңыр, түркі халықтарының әйгілі абызы Қорқыт ата ескерткішімен ерекшеленеді. Ақмешіт атырабының рухани айнасы сырт елден саяхаттап келушілердің де жиі ат басын бұратын туристік нысанға айналды.

Элизабетта Тәжібаева, Байқоңыр қаласының тұрғыны:

- Жел болғанда, енді Қызылорда облысында жел болып тұрады. Күшті, керемет қобыздың дауысы шығады. Туристер өте көп келеді. Мен өзім Жапониядан келген үлкен автобуспен, Оңтүстік Кореядан келген, Израильден келгенін көрдім мен.

Тарихтан мәлім, Ақмешіт атырабы - сақ пен оғыздың орталығы болған көне шаһарлардың ордасы. Сыр өңірін ғалымдар төрт өркениеттің төрі болған деп тегін айтпағаны белгілі. Қызылорда облысындағы 12 тарихи ескерткіштің Қазақстанның киелі нысандар тізіміне енуі де соның айғағы болса керек. Туристер қызығатын ерекше дүниелердің бірі Қорқыт ата мемориалдық кешеніндегі мұражайға қойылған көне Сығанақ, Жанкент, шірік-Рабат, Жент қалаларынан табылған құнды жәдігерлер,-дейді мамандар.  

Айгүл Бермаханова, мұражайдың ғылыми қызметкері:

- Қорқыт ата мемориалды музейінің қорында бүгінде 3209 экспонат сақтаулы. Өткен жылы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне келушілер саны 14 мың адамға дейін жетті. Биыл келушілер саны 15 мыңға жетеді деп жоспарлап отырмыз.

Байқоңыр ғарыш айлағы, Барсакелмес қорығы, Арал теңізі, Қамбаш көлі секілді аймақ ерекшеліктері туристерді еліттірмей қоймасы белгілі. Дегенмен, оларға көрсетілетін қызмет сапасы да уақыт көшімен үндесуі тиіс. Ол үшін биылдан бастап кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау қарастырылған, - дейді мамандар. 

Мұхтар Жетілгенов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:

- Жол бойы кешендері, туристік нысандар, жаңадан салынып жатқан объектілер және туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілердің автокөліктеріне 10 пайыз субсидиялау жұмыстары басталып жатыр. Қазіргі таңда 3,3 млрд тұратын 6 жол бойы сервистік нысанның құжаттары қарастырылып жатыр. Егер комиссияның оң қорытындысы болса оларға 3,3 млрд теңгенің 10 пайызы субсидияланатын болады.

Мамандар өңірде соңғы уақытта медициналық туризмнің қарқынды дами бастағанын айтады. Мәселен, өткен жылы 19 мыңдай адам Жаңақорған ауданындағы шипажайлардың қызметіне жүгінген. Жалпы былтыр өңірге 74 мыңнан астам турист келсе, соның 3 мың 319-ы шетел саяхатшылары екен.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Алиев