Еліміздің Қарулы Күштерінде тәртіп пен бұйрыққа адал арулар аз емес

Еліміздің Қарулы Күштер сапында қатал тәртіп пен бұйрыққа адал арулар аз емес.

Солардың қатарында жүктелген міндетін бұлжытпай орындап жүрген Айнұр Еділова бар. Ертіс өңіріндегі 5512 әскер бөлімі штабының жауапты орындаушысы, кіші сержант 17 жыл бойы ерлермен қатар қызмет етіп келеді. 

Темірдей тәртіп, асқан жауапкершілік пен Отан алдындағы борыш. Айнұр Еділованы әскери қызметтегі осы қасиеттер қызықтырған. Оған қоса әскери қызмет Айнұр Кенжетайқызының бала күнгі арманы.

Айнұр Еділова, ҚР Ұлттық Ұланы 5512 әскери бөлімі штабының жауапты орындаушысы:

- Ағаларым бәрі әскери қызметте жұмыс атқарған. Жұмысты бәрі біледі. Жолдасым да әскери адам, ол 6679 әскери бөлімінде қызмет атқарады. 

Жар сарбаздарды әскерге шақыру, ішкі кадрлық құжаттарды реттеу, өзге де бұйрықтарды орындау – осының барлығы Айнұр Еділованың міндеті. Әріптестері оны жауапкершілігі мен жұмысына деген адалдығы үшін құрметтейді.

Сергей Слипченко, ҚР Ұлттық Ұланы 5512 әскери бөлімі штабы бастығының аға көмекшісі:

- Әріптесім өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз әрі уақытында орындайды. Жауапкершілік – өзіне тән қасиет. Әрі тіл табысу оңай. Жұмысын тиянақты атқарады. Қатарластары мен сарбаздарға да үлгі.

Биыл жұмысын мінсіз атқарып жүргеніне 17 жыл. Осы уақыт аралығында қатарластарының алды, ал жас әріптестеріне үлгі бола білді. Ал отбасында  төрт бала тәрбиелеп жатқан бақытты ана. Әскери қызмет пен үй тірлігін қатар ұстау – маңдайыма жазылған бақ, - дейді ол. 

Айнұр Еділова, ҚР Ұлттық Ұланы 5512 әскери бөлімі штабының жауапты орындаушысы

- Әскери қызметтің жұмысы оңай емес. Бірақ, бәріне үлгеріп жүрміз. Жұмыстан кейін үйге, балабақшадан балаларымды аламын, мектепке апарамын, кешке жұмыстан кейін алып келемін. Қиын емес. Ол адамның өзіне байланысты. Егер өзі «мен боламын» десе, қандай қиыншылық болса, бәріне төзеді. Әскери қызметімді атқарып жүргенімді мақтан тұтамын. 

Айнұр Еділова 5512 әскери бөліміндегі жалғыз әйел емес. Мұнда 30-ға жуық нәзік жанды қызмет етеді.

Ақмарал Есімханова және Жеңіс Темірболат