Кәмшат Әбдібаева отбасы құндылығын биік қойған

Хабар агенттігінің ұжымы да игі тілектерге қосылып ақ жаулықты аналарымызды, аруларымызды көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтайды.

Зор денсаулық пен баянды бақыт тілейді.

Иә, қай салада болса да, жетістігімен ерекшеленіп жүрген әйелдер жетерлік. Ал жезқазғандық Кәмшат Әбдібаеваның бұл ретте өз ұстанымы бар. 7 баланың анасы «мен үшін қызметтің үлкені, мансаптың маңыздысы – бала тәрбиесі», дейді.

Кәмшат Әбдібаева оқу бітірісімен тұрмысқа шыққан. Содан бері 30 жылға жуық бала күтіміне байланысты демалыста. Арадағы аз-кем үзілісте жолдасы да жұмысқа шығуға үгіттеп көрген екен. Бірақ, ұрпақ тәрбиесін бәрінен биік қойған ана бар ғұмырын балаларына арнауды жөн санаған.

Кәмшат Әбдібаева, көпбалалы ана:

- «Бала бірін бірі бағып өседі», - дейді ғой. Сол сияқты үлкен қыздарым көмектесіп, солай өсіп жатырмыз. Кішкентайларым әлі біреуі сабаққа барады,оны апарып, алып келу керек. Одан кейінгісі әлі бір жарымда.

Кәмшаттың тұңғышы тұрмыс құрған. Бір отбасының ұйытқысына айналған. Ал анасына қолқабыс қылып, бауырларына түрлі киімдер тігіп отырған Нұршат- болашақ құтқарушы.  Бұл – қызы қауіпті мамандықты таңдаса да, үй тірлігінен қол үзбесін деген анасының қалауы.

Нұршат Нұржанова, қызы:

- Төтенше жағдай мамандығын таңдаған кезде анаммен, отбасыммен бөлістім. Олар бірден қолдай кетті. Мені одан әрі қолдап, жақсы түсіп кетуіме мотивация беріп отырады.

Тәрбие, салт-сана, дәстүр жалғастығы отбасынан басталады. Ғұмырын ұл-қызының жолына сарп еткен ананың арманы – ұрпағының болашағы. Барға қанағат қылған отбасы мемлекет ұсынған аздаған жеңілдікті ұқсатып, кең сарайдай баспана салып алған. Әр баланың өз несібесі бар деген осы болар сірә!?

Кәмшат Әбдібаева, көпбалалы ана:

- Әр бала өз несібесімен келеді деген рас. Әрқайсысы дүниеге келген сайын екі бөлмелі болса да этаж үйден үйлі болдық.  Одан кейін кішкентайымыз дүниеге келер кезде мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен әрі  жинаған азғана жинағымыз бар еді сонымен осы баспананы салдық

6 қыз, 1 ұл дүниеге әкелген ана мереке қарсаңында Президент жарлығымен «Алтын алқа» иегері атанды. Алайда, Кәмшат күткен марапаттың үлкені алда.  «Балаларым үмітімді ақтаса, одан артық ештеңе керек те емес»,- дейді ол.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева