Қыз балаға тәртіп сақшысы болу оңай емес

Полицей дегенде көптің көзіне мығым денелі ер адам елестейтіні анық.

Алайда тәртіп сақшыларының қатарында осы ер-азаматтармен иық тірестіріп жүрген қыз-келіншектер де бар. Қауіпті қызметтен қаймықпаған қайсар арулар үлкен қылмыстарды ашып, таңғаларлық ерлікпен көзге түсіп жүр. Олардың айтуынша, қарулы қызмет пен отбасыны қатар алып жүру қиын. Бірақ осыған қарамастан қоғам тыныштығын күзету міндетін де орындау керек.

Өжет мінез, өр рух өн бойынан табылатын қазақтың қайсар қыздары кез келген саланы тізгіндей алады. Тіпті қауіпсіздік үшін күресіп, қылмыскерлермен алысу да оларға қорқынышты емес. Осындай батыр жанның бірі - Алтынай Махамбеткулқызы. 3 баланың анасы. 17 жылдан бері тергеуші қызметін атқарып жүрген ол жақында ірі қаржы пирамидасының қылмысын әшкере қылды. 2 мыңнан аса адамды сан соқтырған алаяқтар 3 млрд теңгеден астам қаржыны қалтасына басқан. Айлакерлердің ізіне түскен қайсар ана 25 адамды ұстап, кінәларын дәлелдеп шықты. Оның айтуынша, қыз балаға тәртіп сақшысы болу оңай емес.

Алтынай Жолымбетова, Түркістан облысы Полиция департаментінің аға тергеушісі:

- Қыздарға тергеуге келуге, тергеудің қиындығына төзген жағдайда әр істің бір қайыры бар дейді, нәтижиесі болады. Мен кеңес беретін едім. Әрине, қиын. Оңай емес. Оның ішінде отбасында бірге алып жүру. Жұмыстағы барлық күрделі мәселелерді, сол жердегі қиындықтарымызды барлығын жұмысқа қалдырып, үйге кіргенде тек қана балаларымызға барынша жылу берсек екен, барынша ана мейрімін берсем екен деп жүреміз.

Ал Ақтоты Боранованың тәртіп сақшысы болуды оқушы кезден армандаған. Сол үшін жұмысқа бірден бейімделіп кеттім дейді ол. Жан қалауымен келген қызметтің қиындығы жоқ екенін де айтады. 17 жыл бұрын қолына қару ұстаған ол, қазір спортпен қызметті қатар алып жүр. Жауынгерлік қаруымен ату спортынан бірнеше республикалық жарыстарға қатысқан. Бұл хобби ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікті қорғаудың басты құралы.

Ақтоты Боранова, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:

- Біздің қызметке қажет болғаннан кейін, бұл біздің қызметтің бөлінбес бөлшегі ғой. Халықты қорғау үшін, қоғамдық қауіпсіздікті қылмыскерден сақтау үшін қажетті нәрсе болғаннан кейін бұл қаруды барлығы жетік меңгерген. Менің қызметім өзіме қатты ұнайды. Яғни, осы қызметке өзімнің таңдауыммен келдім. Сол үшін ешқандай қиындық туғызбайды.

Ерлер бір қатарда жүріп, тыныштықты күзеткен арулар ел басына күн туса, батылдықпен сапқа тұруға әркез дайын екенін көрсетіп келеді. Олар тұрғындардың қауіпсізідгін қорғап ғана қоймай, ошағының отын өшірмей, отбасыны да қатар алып жүр. Бұл қазақтың маңдайына біткен Мәншүк пен Әлиядай батырлардың ізін жалғаған арулардың бір парасы ғана. Қазіргі таңда ішкі істер органдарында осындай 11 мыңнан аса қыз-келіншек жұмыс істейді. Олардың қатарында тергеуші де, криминалист те, инспектор де бар.

Авторлары: Бекзат Аманов, Темірлан Аманжол, Виктор Полянный