Елімізде көктемгі егістік науқанына дайындық қызу жүріп жатыр

Мәселен, биыл Павлодар облысында 1 млн-нан астам гектар жерге дән себіледі. Ал Жетісу өңірінде 514 мың гектар аумаққа дәнді дақыл егіледі. Жері шөлейтті Маңғыстауда диқандар мал азығы өсетін алқаптарды жаңбырлатып суару қондырғысы арқылы ылғалдандыруды көздеп отыр. Ал атыраулық шаруалар суды үнемдеу технологиясын қолданысқа енгізген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Павлодар облысында егіс алқаптарының көлемі былтырға қарағанда 49 мың гектарға артқан. Биыл шаруалар 1 млн 688 мың гектар жерге дән себуге ниетті. Бидай, дәнді дақылдар, көкөніс өсіретін шаруа қожалықтарына мемлекеттен қолдау көрсетіліп отыр. Тыңайтқыш, тұқым сатып алуға және суды пайдалануға берілетін субсидия мөлшері соңғы жылдары 3,7 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ жеңілдетілген бағамен 23,8 мың тонна жанар-жағармай бөлінді.

Есентай Мұрсалимов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Көктемгі науқанға 3 мыңға жуық трактор қолданылады. Тағы 3,5 мыңдай тұқым себетін машинамыз бар. Биыл өңірде 400 мың гектар жерде қарды тоқтату жұмыстары жүргізілді. Қазір күн жылынып, қардың күрт ерігенін байқап қуанып отырмыз. Ылғалдың топыраққа көп түсуіне байланысты алынатын өнімнің көлемі де мол болары анық. 

Ал маңғыстаулық диқандар егістік суару үшін инновациялық әдіске көшті. Жармыш ауылындағы шаруа қожалығы біраз жылдан бері жоңышқа егумен айналысады. Былтыр 25 га жерді жасанды жаңбырлатқыш құрылғы көмегімен ылғандандырып, мол өнім алған. Басқа елді мекендерде мұндай тәсіл енді қолданысқа енгізіледі. Ал көршілес Атырау облысында суды үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы егіс алқабын 4770 гектарға ұлғайту жоспарда бар. Биылға межеленген егістік көлемі 10 мың гектардан асады. 4 мың гектарына мал азығы, қалғанына көкөніс егіледі.

Бақтияр Арыстан, «Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы» ММ бас маманы:

- Көктемгі дала жұмыстарына 800 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Өтінімдер жинақталып, тыңайтқыш жеткізушілермен келісімшарт жасақталып жатыр. Облыста шаруашылық құрылымдары бойынша 800 тонна минералдық тыңайтқыш сатып алу жоспарланып отыр.

Жетісулық шаруалар 650 техника сатып алуға өтінім берген. Жеңілдетілген бағамен берілетін жанар-жағармай қоры да жеткілікті. Еліміздің бұл өңірінде 514 мың га жерге дәнді-дақыл егіледі. Соның ішінде қант қызылшасы өсетін алқаптарды екі есеге ұлғайту көзделіп отыр. Өткен жылы 4,5 мың гектардан тәтті түбір жиналған. Биыл оның аумағы 8 мың гектарға дейін артады. Жүгері өсіруге 44,5 мың гектар жердің бөлінуі диқандарды қуантып отыр.

Авторы: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, аймақ тілшілерінің көмегімен.