Маңғыстау облысында «Қошқар ата» қоймасын залалсыздандыру жұмысы ілгерілемей тұр

Маңғыстау облысында «Қошқар ата» радиоактивті қалдықтар қоймасын залалсыздандыру биыл жалғасуы тиіс болатын. Алайда жұмыс тоқтап тұр. Себебі 6 жыл бұрын 15,5 млрд теңгеге бағаланған жобаның құны қазір өсті, - дейді жауаптылар. Сондықтан былтыр жобаға бірқатар түзету енгізіліп, нәтижесінде қойма айналасында рекультивация жасалатын жердің көлемі азайған, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қошқар ата» қоймасының әлемде баламасы жоқ. Мұнда кезінде 5 зауыттан шыққан 105 млн тонна радиоактивті қалдық көмілген. Оған жақын маңдағы елді мекендерде 400 мыңнан аса адам тұрады. Соңғы 2 жылда улы көлдің 500 гектарға жуық аумағы залалсыздандырылды. Жақын маңдағы карьерден 1,6 млн текше метр топырақ тасылып, қойма бетіне 30 см қалыңдықта төселді. Жоба бойынша әлі де 4279 гектар жерде рекультивация жасалады. 

Қуандық Оразғалиев, мердігер мекеме өкілі:

- Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын аламыз. Ол шамамен, біздің ойымызша, осы жылдың мамыр айында. Алған бойда жұмыстар жалғасады. Ешкім тастап кетпейді бұл жобаны, 2024-те мерзімінде аяқтаймыз.

 «Қошқар ата» көлін қалпына келтіруді өз мерзімінде аяқтау үшін қомақты қаражат керек. Жауапты мамандар жобаға 2022 жылы бірқатар түзетулер енгізілгенін алға тартып отыр. Енді оның жобалық-сметалық құжаты қайта жасақталады.

Есенқос Әділбаев, өңірлік Табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Инфляцияға байланысты бұрынғы қаражатқа рекультивация жасайтын жұмыстар жетпей қалды. Яғни, түзету жұмыстарының құны өсетін болады. Қазір енді жобаның-сметалық құжаттамасын жасақтау үшін республикалық аудиторлық тексеруге бердік. Соның қорытындысын күтіп отырмыз.

Радиоактивті қалдықтар қоймасын залалсыздандыру 2021 жылы басталған болатын. Сол кезде мемлекет қазынасынан бөлінген 1 млрд теңге 266 гектар жерді рекультивациялауға жұмсалды. Тағы осыншама аумақты мердігер мекеме өз қаржысына жасап шықты. Жалпы алғанда, бүгінге дейін шамамен 4200 гектардай жердің тек 12%-і ғана топырақпен жабылған. Ендігі жұмыстың қашан басталары әзірге белгісіз.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.