Алматыда мектеп оқушысы кітап шығарды

Алматылық мектеп оқушысы «Математикадан жасөспірімдер арасындағы Балқан олимпидасы» туралы кітап шығарды.

Ғылыми жұмыс олимпиадалық тапсырмалар мен оларды шешу жолдарынан құрастырылған. Бұл кітаптың авторы 10 сынып оқушысы Томирис Құрманалина. Талантты оқушы көптеген республикалық, халықаралық олимпиаданың жүлдегері.

Ғылыми кітап 129 беттен тұрады. Онда Томирис Құрманалина халықаралық олимпиада қатысушыларына берілетін тапсырмаларды жинап, шешімін тапқан. Автордың айтуынша, мұндай жинақ шығару туралы ой аяқ астынан пайда болған. Оған дейін көптеген олимпиада мен жарыстарға қатысқан қыз өзге оқушылармен тәжірибе бөлісуді жөн деп тапқан.

Томирис Құрманалина, Алматы қ. РФММ оқушысы:

- Бұл кітапта жасөспірімдер арасындағы Балқан олимпиадасының 1997-2021 жылдардағы барлық тапсырмалары жинақталған. Мұндағы есептердің ресми шешімдерімен қатар сіңілім екеуміздің ойлап тапқан шешу жолдары да жазылған. Осылайша білгенімізді өзге оқушылармен бөлісіп отырмыз.

Томиристің айтуынша, өткен олимпиалардағы есептерді шығару оңай. Бірақ, шешу жолдарын іздеуге көп уақыт кетеді және қосымша ақпараттар интернеттен табыла бермейді. Сондықтан қажетті материалдың барлығын бір кітапқа жинаған. Осы ғылыми жұмысты 3 жыл жазған. Тапсырмаларды жинап, шешімін табуға отбасы көмектесіпті.

Томирис Құрманалина, Алматы қ. РФММ оқушысы:

- Осы кітапты жазуға сіңілім мен әкем көмектесті. Мен тапсырмаларды тауып, шешу жолдарын жазып, қағазға түсірдім. Әрі қарай тексеру, қателіктерді түзеу және дизаймен бірге айналыстық.

Тың туындыны қазір оқушылардан өзге мұғалімдер де сатып алуда. Математикалық есептерді шығарып, ғылымға бет бұрған адамдар үшін бұл жинақ таптырмас көмекші құрал. Кітапты 7-сыныптан бастап пайдалануға болады.

Алмаз Күнғожин, Алматы қ. РФММ директоры:

- Әрине ол үлкен еңбек. Ол шығармашылық жұмысын әрі қарай жалғастырады,-деп сенемін.  Менің ойымша Томиристің жақсы потенциалы бар. Себебі ол тек математика, шахматпен шектелмей ол Science клубты ұйымдастырушы болып, сол science топқа қатысып жатыр. 

Талантты оқушы олимпиадамен ғана шектелмейді. Томирис фортепиано бойынша музыкалық мектепті тәмамдаған және кәсіби түрде шахматпен айналысады. 13 жасында әйелдер арасында ең жас Arena Grandmaster атанған оқушының биігін әлі ешкім бағындырмапты.

Аршын Кемелжан, Эдуард Кон