Қарағандылық Валерий Роголев «Наурыз» композициясын жасап шықты

Ұлыстың Ұлы мерекесі қарсаңында Қарағанды қаласының тұрғыны Валерий Роголев «Наурыз» композициясын жасап шықты.

Мұнда шебер қазақтың салт-дәстүрі мен бүгінгі тұрмыс-тіршілігін жан-жақты көрсетуге тырысқан. Жағалай тігілген ақшаңқан үйлер мен алтыбақанда тербетілген қыз-жігіттер, сахнада ән шырқаған өнерпаздар, ұлттық тағамдардың сан түрі самсаған дастархан әз Наурызды әспеттеп жатқан қазақ ауылын көз алдыңызға әкеледі. Шебер жүздеген бөлшекті жасауға пластик, ермексаз секілді заттарды қолданған. Тура бір ай еңбектеніпті. Валерий Роголев туындысын кеншілердің мәдениет үйіне қойған. Енді бұл композицияны қала тұрғындары тамашалай алады.

Валерий Роголев, қала тұрғыны:

- Мен бұл композицияны жасамас бұрын әбден зерттедім. Қазақтардың ортасында өскендіктен салт-дәстүрімен етене таныспын. Ұлттық тағамдарын да бала күнімізден жеп өстік. Сондықтан жасау аса қиынға соққан жоқ. Бұл менің Наурыз мерекесіне қарағандылықтарға жасаған тартуым.