Есірткіге тәуелді адамдарды скрининг арқылы анықтау жүйесі енгізіледі

Есірткіге тәуелді адамдарды ерте кезеңде анықтау үшін скрининг жүйесі енгізіледі. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Үкімет отырысында хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, қазір елде қанша нашақор бар екенін нақты анықтау мүмкін болмай тұр. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің есебінде 18 мың адам тіркелген.  Алайда сарапшылардың пайымдауынша, олардың саны ресми статистикадан 5 есеге көп. Әсіресе, жастар арасында есірткінің түр-түрін қолданып жүргендер ұлғайды. Жауапты ведомство басшысының пікірінше, скрининг  ахуалды реттеп, нашақорлыққа жол бермеудің бірден-бір амалы болмақ. Сондай-ақ алдағы уақытта наркологиялық көмек пен қайта оңалту сапасын арттырып, диспансерлерді жаңғырту көзделген.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Қазіргі уақытта өкінішке орай есірткі қолдану фактілері оқушылар арасында да анықталып жатыр. Сондықтан болашақта скрининг өткізу жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл қоғамның нашақорлық деңгейін объективті түрде бағалалуға және есірткіге тәуелді адамдарды, әсіресе, жасөспірімдер арасында ерте бастан анықтауға толық мүмкіндік береді.