Алматы ДДСҰ Еуропалық өңірлік тұрақты комитетінің отырысы ашылды

Алматыда Қазақстанның төрағалығымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік тұрақты комитетінің отырысы ашылды. Беделді жиын біздің елде алғаш рет өтіп отыр. Сарапшылар 2 күн бойы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді дамыту және төтенше жағдайларда әрекет ету мәселелерін талқылайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан – алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің көшбасшысы, - деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аймақтық бюросының директоры Ханс Клюге. Бұған негіз бар. Өткен жылы осы ұйымның бастамасымен Есік қаласында алғашқы медициналық көмек бойынша тәжірибе алаңы іске қосылған еді. Дәрігер, медбике, әлеуметтік қызметкер, психологтан тұратын көпсалалы бригаданың жүйелі жұмысы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мамандары үшін де жаңалық болды.   

Ханс Клюге, ДДСҰ аймақтық бюросының директоры:

- Қазақстан – алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің отаны. Мұнда алғаш рет білікті мамандар біріге отырып, халыққа көмек көрсетіп жатыр. Бұл өз нәтижесін беріп те үлгерді. Сапалы қызметке сұраныс артты. Сондықтан биыл күзде Астанада өтетін жиында алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастырудың маңыздылығы негізгі тақырып болмақ.

Бүгінгі жиын Қазақстан төрағалығымен өтті. Айта кетейік, еліміз – 2020 жылдан бері Еуропалық өңірлік комитетінің мүшесі. Былтыр қыркүйек айынан бастап комитетке төрағалық етіп келеді. Жиында сарапшылар алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің сапасын арттырумен қатар төтенше жағдайларда әрекет ету мәселелерін талқылады.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Көптеген денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселені тек біздің елімізде емес, дүниежүзінде пандемия ашып кетті. Оның өзі осы денсаулық сақтау саласына да қазіргі жаңғыру керектігі, жаңа бір басым, бағыт керек екенін айтады. Соған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жиналатын болады.

1978 жылы Алматыда алғашқы дәрігерлік көмекті жетілдіруге арналған халықаралық конференцияда қабылданған Алматы декларациясына биыл 45 жыл. Сондай-ақ Астана декларациясына 5 жыл. Осыған орай әлемнің 53 мемлекетінің өкілі алдағы қазан айында Астанада жаһандық денсаулық сақтаудың өзекті мәселелерін талқылауға жиналады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев.