Қостанай облысында ауылдарды табиғи газбен қамтуға басымдық беріледі

Биыл Қостанай облысында ауыл тұрғындарын табиғи газбен қамтуға басымдық беріледі.

Осы мақсатта тоғыз ірі жоба жүзеге асырылады. Оған шамамен үш миллиард теңге қарастырылған. Қаражат Ұлттық қор, республикалық және облыстық қазынадан бөлінеді. Қазір ауылдағы ағайынның 75 проценті әлі пеш жағып отыр. Қалаларға қарасты елді мекендерге де көгілдір отын тарту ісі баяу. Бұл көрсеткіш 15 процентке жетпейді. Облыстық энергетика басқармасымен аудандарды газдандыру үшін 2030 жылға дейін арнайы жоспар дайындалды.

Дәурен Асқаров, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Біздің аймаққа газ магистралін Ақтөбе облысынан тартуды көздейміз. Бұл мәселені энергетика министрлігі пысықтады. Енді қаржыландыруды ретке келтіруіміз қажет. Себебі газды тұтыну көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Қостанай облысы миллион текше метрге дейін пайдаланады.