Қазақстанның мақта шаруашылығында өзбекстандық тәжірибе қолданылады

Ең алдымен тұқымды түрлі селекциядан өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері Ташкентте болып, жергілікті мақта-тоқымашылық кластерімен танысты. Әрі халықаралық агро көрмені аралап көрді. 20 елден жиналған 170 компания саладағы негізгі бағыттарын таныстырды. Қазір еліміздің оңтүстік өңірлері ақ алтынды терең өңдеуге бет бұрып жатыр. Ол үшін тұқым сапасын жақсарту – міндет. Мамандар Өзбекстанның мақта шаруашылығымен қоса жылыжай бизнесіндегі тәжірибеге қызығушылық танытып отыр. Алдағы уақытта осы салада жергілікті кәсіпкерлерді қолдау жайы зерделенеді.

Әбілхайыр Тамабек, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Бізде тұқым шаруашылығы өзекті болып тұр. Нидерланды және Түркиямен жұмыс жасап жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, бізде мақта шаруашылығы Өзбекстанға қарағанда артта қалды. Сол себепті Өзбекстанмен мақта бағытында жаңа селекция шығарамыз ба деген үміттеміз. Екінші мәселе жылыжай.