Қостанай облысында тасқынға қарсы сақтық шаралары күшейтілді

Қостанай облысының Шеген және Түйемойнақ ауылдары бағытындағы жолды қар суы шайып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қос елді мекенде 400-ге жуық адам тұрады. Қазір төнген қауіп сейілді. Барлық үй дін-аман. Жергілікті әкімдік пен құтқарушылардың күшімен жиналған су толық айдалды. Торғай ауылында арнайы мобильді топ жасақталған. Оның құрамында 18 құтқарушы мен 5 техника бар.

Жалпы, күн күрт жылынса облыстағы 90 елді мекенге қауіп төнгелі тұр.  Жағдай шамамен наурыз айының соңы мен сәуір айының басында күрделенуі мүмкін деген болжам бар. 

Азамат Орымбаев, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Елді мекендерге қауіп жоқ. 90% қар елді мекендерден кетті. Қазіргі уақытта Шұбалаң-Қарасу деген жергілікті жолда судың өтуі бар. Ол 13-і күні болған. Сол күні ол судың өтуін тоқтатқан болатынбыз. Бүгін таңертең кішкене көтеріліп, су ағып жатыр. Күндіз жергілікті әкімдікпен бірігіп жұмыстар өткізіледі. Кешкісін судың ағысын тоқтатамыз деген жоспар бар.