Заңсыз құрылыс: Себеп пен салдар

Бүгінде елімізде құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

«Ірі қалаларда бұл сала инвестициялық тартымдылығы жағынан бірінші орында тұр»,-дейді сарапшылар. Баспананың көп болғаны жақсы. Бірақ, Алматыда ғимараттарды бітіріп алған соң құжат рәсімдеу азаймай тұр. Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, өткен жылдан бері анықталған 47 заңсыз құрылыстың 27-сі қазір соттың қарауына жіберілген. «Мемлекеттік мекеме мамандары заңсыз құрылысты тексеру үшін тұрғындардың арызы болуы керек»,-дейді. Рұқсаты болмаған жағдайда, мердігерге заңсыздықты жоюға 1 ай уақыт беріледі. Қателігін түземесе, іс сотқа жолданады.

Олжас Төлеубаев, қалалық қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі таңда ең басты кездесетін құқық бұзушылық – тапсырыс берушілер сәулет жоспарлау тапсырмасын алмай, жобаны құжаттамалық экспертизадан оң қорытындысын алмай, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына құрылыс монтаждау жұмыстарының басталуы жөнінде хабарлама алмай жұмыстарды бастап кетеді.

Urban Forum қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділ Нұрмақовтың айтуынша, бұл кемшіліктер еліміздегі құрылыс саласының көп жыл назардан тыс қалғанын көрсетеді. Оған қоса, тығыз салынатын ғимараттар да тұрғындардың сынына ұшырауда. Салдарынан әлеуметтік инфрақұрылымға орын жептей қалады екен. Сондықтан қала басшылығы тарапынан құрылыс нысандары толыққанды жоспарлануы керек. Себебі, шаһардағы жағдай бизнестен бұрын тұрғындар үшін қолайлы болуы керек,-дейді сарапшы.

Әділ Нұрмақов, Urban Forum қоғамдық бірлестігіеің төрағасы:

- Үкіметтің бизнеске кедергі жасамау туралы саясаты ұзақ уақыт бойы жүргізіліп, елімізде кәсіпкерлікпен айналысу барынша жеңілдетілді. Соның салдарынан мердігерлер құрылыс нысандарын тұрғызып болған соң құжаттарын рәсімдеуді әдетке айналдырып алды. Содан кейін көп жағдайда салынып кеткен құрылысқа тиісті құжаттарды алып отырды.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша былтыр өз міндеттерін дұрыс орындамаған 84 мердігер компания әкімшлік жауапқа тартылған. Оларға салынған айыппұл сомасы 52 миллион теңге. Осындай кемшіліктерге жол берген 10 техникалық қадағалаушы да жауапқа тартылыпты.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов