Ақтөбе облысында су басқан ауылдардағы шығын көлемі есептеліп жатыр

Арнаулы комиссия қазір тасқыннан зиян шеккен үйлер мен қора-қопсыны қарап жүр.

Қаншалықты бүлінгенін нақты зерттейді. Кейін көмек болады. Бұған дейін Ойыл және Қобда аудандарының бірнеше ауылына су кіргені белгілі. Қазір тасқынның беті қайтқан. Тек Қобда елді мекенінде 101 үйді су алған. Арасында қираған баспаналар бар. Ал тұрғындар әзірге туыстары мен эвакуациялық орталықтарда тұрып жатыр. Зардап шеккендерге ақтөбелік еріктілер де көмектесуде. Жомарт жандардан жиналған киім-кишек, төсек-орын және азық-түліктің алғашқы легін бірнеше көлікке тиеп жеткізген. Жәрдем берушілердің қатары әлі де сиреген жоқ. Көмек облыс орталығында жиналып жатыр.   

Катерина Голотина, волонтер:

- Ауылдықтардың басына түскен жағдайды естігенде, көмектесетінімізді айтып, жария еттік. Нәтижесінде көп адам көрпе-төсек, кілем, киімдер әкеп тапсырды. Бір тәулікке жетер-жетпес уақыт ішінде алғашқы гуманитарлық көмекті жинап үлгердік. Қолдау білдірушілердің қатары әлі де бар. Көп ұзамай елді мекендердің жағдайы түзелер деп сенеміз.