Наурыз: Шетелдіктердің көзімен

Атыраулықтар бүгін «ақ түйенің қарны жарылған күн» дейді.

Жалпы өңір жұрты наурыздың салтанатын наурыздың он төртінен бастап кеткен. Ал бүгін Исатай-Махамбет атындағы бас алаңдағы мерекелік шара сол аста-төк тойдың қортындысы іспетті. Алаңға жағалай 100- ге тарта ақшаңқан киіз үй тігіліп,  дастархан жайылды. Түрлі ұлттық спорттық ойындар өтті. Ән мен күй де көк аспанды тербеп тұрды. Жиналғандар атпен серуендеп, алтыбақанда тербелді. Наурыз тойына осындағы шетелдіктер де келген. Мұнайлы өңірде 600- ге тарта шетел азаматы мұнай-газ саласында жұмыс істейді.

Хэймиш Полс, АҚШ азаматы:

- Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын! Мен бүгін табиғатпен үйлесімділіктің куәсі болдым. Адамдар да бүгінгі күн райындай жарқырап, жайнап кеткендей. Бұл нағыз халықтық мереке. Наурыз мейрамы құтты болсын. Бұл күн менің есімде мәңгі сақталады.