Зүлфия Сүлейменова: Су – көк алтын

Ондаған жыл бойы су ресурстарын ысырап ету, дұрыс пайдаланбау өмірдің көптеген саласына қауіп төндірді.

Дағдарыстан шығудың жолы қайсы? БҰҰ-ның штаб-пәтерінде өтіп жатқан үш күндік конференцияда осы мәселе талқылау басталды. Мемлекеттер 2030 жылға қарай таза суға қол жеткізу мүмкіндігін қарастырмақ. Маңызды шарада Қазақстанның Экология министрі де баяндама жасап, Арал тағдыры туралы ақпаратпен бөлісті.

«Су – көк алтын», - деді экология министрі Зүлфия Сүлейменова. Тіршілік нәрі экономикалық дамуға, адамның өмір сүруіне, табиғи экожүйе үшін ауадай қажет.

Судың ресурсын тиімді пайдаланбаса, келешекте алтыннан да қымбат болуы мүмкін. Сондық қазіргі қорды дұрыс басқарып, мемлекеттер өзара ынтымақтасып әрекет еткені абзал.

Әйтпесе өзімізде бар өзен-көлдер Арал тағдырын қайталауы ықтимал. БҰҰ мінберінде біздің министр Арал зардабын әлемнің есіне салды.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- «Біздің жалғыз арманымыз — жаңбыр мен су»,  бұл сөзді маған екі жыл бұрын Арал теңізінің жағасындағы Таутүбек ауылында кездестірген балықшы айтты. Бір кездері әлемдегі төртінші теңіз қазір толығымен құрғап қалды. Дегенмен, Қазақстан теңіздің солтүстік бөлігін қалпына келтіру бойынша келісілген іс-қимыл жасап жатыр».

Қазіргі қиындықтарды еңсеріп, болашақ ұрпақтың қажеттілігін қанағаттандыру үшін ұзақ мерзіге бағытталған іс-шараны  әлем елдері бірлесіп жүзеге асыруы керек. 45 жылдан кейін БҰҰ-да өтіп жатқан дүниежүзілік су конференциясында Сүлейменова трансшекаралық өзендерді де қорғау жөнінде айтып өтті. Ортақ суды бірлесіп тиімді пайдалану жөніндегі конвенцияға көп мемлекет қатысады деген үмітін білдірді. Өйткені Қазақстанға су негізінен іргедегі елдерден келеді.

Зүлфия Сүлейменова, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Әрине бізде трансшекаралық ынтымақтастық мәселелері өте өзекті саналады. Қазір біз Ресей мемлекетімен де, Өзбекстан, Қырғыстанмен де суды бөлу, жалпы суды пайдалану бойынша тиісті жұмыс топтары бар. Осы бағытта жұмыс жүргізіліп келе жатыр. Қытай мемлекетімен келетін болсақ суларды бөлу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Пандемия кезінде тоқтап қалған өкінішке қарай, қазір қайта жұмыс істеп жатырмыз.

Дүние жүзінде миллиардтаған адам бір жұтым таза суға зәру. Жыл сайын 800 000-нан астам адам лас су ішіп, таза сумен жуына алмай, яғни гигиенаның сақталмауынан болатын аурудан қайтыс болады екен. Жер бетінде тіршілік нәріне деген сұраныс сәт сайын артып келеді. Шамамен төрт миллиард адам жылына кемінде бір ай бойы су тапшылығын сезінеді. Қаталап, шөлдейді. Сондықтан суды қорғау және ресурсты дұрыс басқаруды қамтамасыз ету аса маңызды. БҰҰ аса маңызды осы мәселе үш күн бойы талқыланады.