Түркістан облысында ауыл жұрты таза ауызсумен қамтылып жатыр

Түркістан облысының Түлкібас ауданы орталықтандырылған ауызсу жүйесімен 98% қамтылған. Алайда кейбір елді мекендердегі су құбыры кеңес заманында салынғандықтан, әбден ескіріп тұр. Соңғы жылдары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тозығы жеткен су құбырларын ауыстыру жұмыстары басталды. Нәтижесінде Шақпақ баба елді мекенінің тұрғындары таза ауызсумен қамтылды. Биыл тағы 2 елді мекенді сапалы ауызсу жүйесіне қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мыңнан аса түтіні бар Балықты ауылы ауызсумен әлде қашан қамтылған. Алайда ауыл жылдан жылға кеңейіп, үлкейіп келеді. Жаңа үйлер салынып, бірнеше көше түскен. Тұрғындардың айтуынша, жаз айларында су азайып, қысым төмендейді.

Роза Әлішерова, Балықты ауылының тұрғыны:

- Енді мына төбеден ауылға су тарататын станция салып жатыр, сол біздің мәселемізді шешеді деп үміттеніп отырмыз.

Ауыл сыртынан жаңа ұңғыма қазылып, су тарату станциясы салынған. Мамандар жоба іске қосылғанда 3 көшедегі 254 абонент толықтай таза ауызсумен қамтылатынын айтады. Ал Азаттық ауылында жаңадан салынған станция 869 абонентті үздіксіз сапалы ауызсумен қамтуға қауқарлы.

Мырсабыр Мырәзизов, Азаттық ауылының тұрғыны:

- Негізінде алдыңғы тартылған су жүйесімен ағын су келетін, бұлақ көздерінен алынған. Тұрғындар қуанып жатыр, құдай қаласа, енді 2 айдың ішінде су қосылатын болып тұр. Бізге таза су керек.

Жауаптылардың айтуынша, мұнда 18 шақырым су құбыры ауыстырылып, 700 текше метр су жинайтын 2 су қоймасы жасақталған. Ал биіктігі 25 метр су мұнарасының басына сағатына 50 текше метр су жинап тарататын қондырғы орнатылған.

Жалпы, жоба құны – 400 млн теңге. Алдағы маусым айында 2 елді мекенге де таза ауызсу беріледі деп күтіліп отыр. Бұдан бөлек, биыл тағы бірнеше елді мекеннің ауызсу құбыры ауыстырылмақ.

Мейіржан Жалайыров, аудандық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Тағы да 4 елді мекеніміздің ауызсу құбырларын жаңарту мақсатында қайта құру жұмыстарына 4 елді мекенге аудандық бюджеттен қаржы қарап, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Оның бірі – Машат елді мекені, Мыңбай, Дәубаба мен Жабағылы елді мекендері.

Суға жауаптылардың айтуынша, 2025 жылға дейін аудандағы ауызсу жүйесі тозған барлық елді мекендегі су құбырлары толық ауыстырылмақ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.