Қызылорда облысында мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді

Қызылорда облысындағы төрт түліктің саны өңірде ең көп мал басы тіркелген 1991 жылғы көрсеткіш деңгейінен асты.

Қазір де түйе боздап, қой қоздап қорада шу. Сыр елінің шопандары саулығы мен қозысын түгендейтін қызу тірлікке білек сыбана кірісіп кеткен. Қаратаудың етегін ен жайлаған Жайылма ауылының тұрғыны Талғат Алдабергенұлы 1992 жылы 50 қоймен қожалық құрған болатын. Қазір түлік басын мың екі жүзге жеткізіп отыр. Биыл да мың саулықтан жеті жүзден астам қозы алу жоспарында бар. Жалпы мал шаруашылығының ел экономикасындағы салмағы азайғанымен оның тұрмыстық-шаруашылық мән-мағынасы кеміген жоқ дейді кәнігі шопан. Қаракөл қойының не терісін, не жүнін өткізе алмай жүрген малшы агросалаға жаңа көзқарас, инвестиция керектігін айтады.

Талғат Алдабергенұлы, шопан:

- Мемлекеттен қолдау болса, субсидия болса Қаратаудың қойнауын қаракөл қойына толтыруға болады. Қаракөл қойының артықшылығы қысқа, шөлге төзімді, ұзақ жайылады. Қозының елтірісін алу үшін туғаннан 10 күн ішінде сойып алу керек. Әйтпесе жүні өсіп ыдырап кетеді.