Ақмола облысында 10 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды

Ақмола облысында лауызымды тұлғалар кәсіпкерлерге заңсыз тексеріс жүргізген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, өңірдегі мемлекеттік орган қызметкері көтерме-сауда дүкенінің біріне барып, өнімнің сапасын тексеріпті. Негізсіз жүргізілген қадағалау үшін лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тек осы жылдың өзінде облыс бойынша осындай 6 дерек тіркелді. Облыстық прокуратураның ықпалымен аймақта 10 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Рысбек Нұрланұлы, Ақмола облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры:

- Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша салық органдарының 200-ден астам заңсыз шешімдері анықталды. Прокуратураның наразылығымен 97 осындай заңсыз шешімнің күші жойылды. Қалған іс қаралымда. Бұдан өзге мемлекеттік сатып алу саласында 3,2 млрд теңгеге конкурстан тыс, яғни «бір көзден сатып алу» фактісі анықталды. Бұған жол берген 70 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.