Атырауда «Жүректен жүрекке» дүкені ашылды

Атырауда «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық дүкені ашылды.

Мұнда көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар киім-кешек пен тұрмыстық заттарды тегін ала алады. Сауда орыны «Теңіз жүрегі» жобасының аясында «Теңізшевройл» компаниясының қаржылық қолдауымен ашылды. 

Мұнда балалардың да, ересектердің де киім-кешегі бар.  Тұрмыстық заттарды да табуға болады. Тұрғындар өзіне қажет болмай қалған,  бірақ пайдаға асатын заттарын осында әкеліп тапсырады. Ірі сауда орталықтарында да арнайы жәшіктер қойылды. 

Рысты Жексенбаева, «Теңіз жүрегі» жобасының менеджері:

- Дүкендегі барлық тауар – Атырау облысының басқа да қалалардан келіп жатқан киім-кешектер. Біз арнайы тазалықтан өткіземіз. Дүкенімізде кір жуғыш машинамыз бар. Кептіргіш машинамыз бар. Үтігіміз бар. Соның барлығын пайдаланып, бірнеше этаптардан өткеннен кейін барып, полкаларға салып, сол кезде ғана ілеміз.

Көп балалы, аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар қайырымдылық дүкенінен қажетті заттарын әр үш ай сайын берілетін 10 мың теңге көліміндегі бонуспен алады. Бұл жүйе мұқтаж жанның барлығын қамту үшін тиімді.  Қазірдің өзінде дүкенде 200-ге жуық адам тіркелген.

Альбина Досмағамбетова, қала тұрғыны:

- Осындай қайырымдылық дүкенінің ашылып жатқанына өте қуаныштымыз. Біз сияқты көпбалалы отбасыларға, менде 5 бала бар, мысалы, үлкені 15-те, кішісі жастан кетті. Солардың қай-қайсысына да киюге жарамды киімдер бар. Мұның бәрін тегін алуға болады. Осындай дүкендер көп ашылса деймін.

«Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры өңірде ілкімді істерді атқарып отыр.  Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың да жағдайын назардан тыс қалдырған емес. Бүгін ашылған қайырымдылық дүкені де соның дәлелі. Сауда орыны мұқтаж жандар үшін жыл соңына дейін жұмыс істейді.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин