ШҚО-ның 4 елді мекеніне орталықтандырылған су жүйесі тартылады

Биыл Шығыс Қазақстан облысының төрт елді мекеніне орталықтандырылған су жүйесі тартылады.

Осылайша, төрт мыңнан астам ауыл халқы сапалы ауызсумен қамтылады. Бүгінде өңірдегі 22 ауылдың тұрғындары әлі күнге дейін құдықтан су ішіп жүр. Оған қоса, инженерлік коммуникациялар әбден тозған. Мәселені түбегейлі шешу мақсатында жаңа нысандар салынады. Алдағы уақытта аймақта 30 инженерлік жоба жүзеге асырылмақ. Бұл игілікке бюджеттен 30 млрд теңге бөлінбек. Сала мамандарының айтуынша, су желілерін тарту жұмыстары алдымен Алтай және Зайсан аудандарында басталады.

Рауан Тұрысбек, облыстық ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Зайсан ауданында шалғай жатқан бір ауыл ауызсумен қамтылмаған. Биыл Қайнар ауылының тұрғындары сапалы тіршілік нәріне қол жеткізеді. Қаражат бөлу үшін тиісті процедуралар жүргізілді. Мердігер ұйым да анықталды. Барлық жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.