Ақтаудағы жасыл желектің жай-күйі бақылауға алынды

Ақтаудағы жасыл желектің жай-күйіне былтырдан бері ғалымдар мониторинг жасап келеді.

Соның нәтижесінде қала аумағына 3 мыңдай түп қылқан жапырақты тал, 5 мың түп ағаштектес өсімдік егілген. 90%-і жерсініп үлгерді.

Айта кетсек, Маңғыстау облысының орталығында тәжірибелік-ботаникалық бақ бар. Жасыл желектің тұқымы алдымен сынақ түрінде сонда егіледі. Жергілікті климатқа төзімдігін байқатқан жағдайда шағын аудандарға отырғызылады. Әріптесім Талғат Исламұлының сюжеті.

Жасыратыны жоқ, Ақтауда жасыл желек күтіміне қатысты дау-дамай соңғы жылдары толастамай тұр. Ол мынадан туындаған. 2022 жылға дейін қаланы көгалдандыруға мемлекеттен бөлінген қыруар қаржыны тәжірибесі аз серіктестіктер мен ұйымдар тендер арқылы ұтып алып отырды. Алайда, жүйелі жұмыс жасалмауынан өсімдік көшеттері қурап қала берді. Осы ретте аймақ әкімі Нұрлан Ноғаев мәселені шешуге ғалымдардың араласуын сұраған.

Ақжүніс Иманбаева, "Маңғышлақ тәжірибелік-ботаникалық бағы" РМК Бас директоры:

- Өтініш жасағаннан кейін біз араласып, қаңтар айында жоспар жасап бердік. Бұрынғы уақытта жоспар деген болған жоқ. Қай жерге ағаш егемін дейді, ойына неге келеді соны сала берген. Былтыр ақпан айынан бастап ағаш егіп бастадық. Соңғы 2-3 жылда бірінші рет қалаға қылқан жапырақты ағаштардың 2,5 мың данасы кірді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке беру аясында оның құжаттарын жасайтын кезде Нұрлан Асқарұлының бастамасымен бірінші рет Ақтау қаласында «мониторинг» деген пункт енгізілді. Барлық жерде күнделікті қарап, қадағалаумен жүрміз.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Маңғыстау экспериментальді бағының жалпы аумағы 39 га. Оның 29 гектарына 1300-ге жуық жасыл желек түрі егілген. Тіптен олардың кейбірінің 30-40 жылдық тарихы бар. Сарапшылардың пікірінше, Маңғыстаудың климаты әрі өсімдік егуге қолайлы. Ең бастысы, өз ісінің маманы ғана осы жұмыстармен айналысуы қажет дейді.

Ақтауды жасыл желекке бөлеу былтырдан бастап мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүргізіліп келеді. Шаһар әкімдігі тек 1 компаниямен 2027 жылға дейін келісімшартқа отырған. Жоба құны 7,1 млрд теңге. Былтыр орталық көше жолдарының жиегіне 3700-дей түп әртүрлі гүл егіліп, бір шақырымдық аумақ көгалдандырылды. Биылғы жылы да қылқан жапырақты тал көшеттерін егуге басымдық берілгенін жауапты мамандар растап отыр. 

Нұрбол Әділов, "Ақтау қалалық ТҮКШ" ММ бас маманы:

- 4 мың дана жапырақты ағаштар, сонымен қатар 3600 дана раушан гүлдері отырғызылады. Егер жерсінбеген жағдайда оларды мемлекеттік-жекешелік әріптестік есебінен ауыстырылатын болады. Осы жылға 1 млрд теңге қарастырылған. Былтыр атқарылған жұмыстарға жұмсалған қаржының есебі 748 млн теңге.

Маңғыстау өңірінде елдімекендерді көгалдандыру көрсеткіші 3, ал Ақтау қаласы бойынша 5%-ті құрайды. Ресми мәліметке сүйенсек, 2023 жылы аймақты көгалдандыруға бюджеттен 1 млрд 465 млн теңге қаралған. Соның 77,7 проценті облыс орталығына бөлінді. Бір атап кетерлігі, ботаникалық бақта өскен өсімдіктерді ауыл, аудан, қалаға егу бойынша нақты тапсырма берілген. Бұл бағытқа демеушілерді көптеп тартып барлық су көздерін, әсіресе жаңбыр суын пайдалана отырып тамшылатып суаруға баса назар аудару қажеттігі айтылды. 

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев