Қостанай облысында әкімдік пен мердігер кесірінен халық сусыз қалды

Әкімдік пен мердігер арасындағы текетірестен қарапайым тұрғындар зардап шегуде.

Былтыр Қостанай облысындағы Красносельский ауылының ескі су желісі қайта жаңартылған еді.

Алайда әкімдік жұмысты қабылдап алмағандықтан мердігер суды бірнеше күнге тоқтатып тастаған. Қазылғаннан қалған ойдым-ойдым ми батпақ та жергілікті халықтың сорына айналды. 

«Күлтөбенің басында күнде жиын» демекші, Красноселсельский ауылының орталығы  соңғы 3-4 күн қатарынан тұрғындардың бас қосатын орынына айналған. Талқыға түскен негізгі мәселе, жаңа құбыр салынғанымен жұрттың ауыз суға жарымай отырғандығы.

Нұргүл Қонарбаева, Красносельский ауылының тұрғыны:

- Су жоқ. Мынаның бәрін қазып тастаған су жүргіземіз деп. Жүргізді суын, ақшасын төлеп, үйге кіргіздік суды. Ал су жоқ.

Красносельский ауылында су құбырын жаңарту жобасы 2021 жылы қолға алынған. Түрлі себептерге байланысты орындалуы созбаққа салынып, өткен жылдың желтоқсан айында ғана су сорғыш станциясының құрылысы аяқталды. Алайда аудандық әкімдік жұмысты қабылдаудан бас тартыпты.

Нұрсұлтан Төлеухан аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Екінші подьмнан станциясының кровлясынан су ағып жатыр. Отмозкалар дұрыс құйылмаған. Окна трещина имеется. Обволовканы қарасаңыздар дұрыс жасалмаған, әне бүкілі шошайып, шығып тұр. Сондай көптеген замечаниялар бар.

Ал мердігердің айтар өз уәжі бар.  Әкімдік қабылдамаса да, желтоқсан айынан бері ауыл халқына өз есебінен су беріп келген. Бұдан әрі ол шығынды көтерер жайым жоқ деп, өткен аптада бірнеше күнге орталық желіні жауып тастапты. Сосын тұрғындардың өтінішіне құлақ асып, қайтадан қосқан. Бірақ тапсырыс беруші, яғни әкімдік атқарылған жұмыс ауқымын қабылдап, тиісті ақшаны төлемесе, ауылды судан ағытамын деп отыр.

Жанболат Жайнақов, мердігер кәсіпорынның өкілі:

- Біз келісімге келдік, мен айтылған кемшіліктерді жоям. Ал олар қабылдау актісіне қол қоюға тиісті. Егер олай болмаса, суды тағы тоқтатуға мәжбүрмін. Менде үш жыл кепілдік мерзім бар. Ұсақ түйек ақаулар шығып жатса, оны өз есебімізден бәрібір дұрыстауға міндеттіміз.  

Мердігердің бұл жобадан алашағы 142 миллион тенге. Қос тарап ауызша болса да, бір мәмілеге келгендей. Қазылғаннан қалған ойдым-ойдым шұңқырлар жаз шыға тегістелетін болды.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг