Отандық әуе компанияларындағы баға қызмет сапасына сай емес

Отандық әуе компанияларындағы баға қызмет сапасына сай емес. Көп жағдайда жолаушылардың құқығы қорғалмай жатыр.

Осыған байланысты Азаматтық авиация комитеті былтыр жыл соңында "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Заңға тиісті түзетулер енгізді.

"Qazaq Air" әуе компаниясы. Қостанайдан Астанаға баратын әуе бағыты отмена болды. Жүйеде ақау. Осымен екінші мәрте бортқа отырдық. Бірақ қайта түсірейін деп жатыр бізді.

Бұл осыдан 1 ай бұрын Қостанай әуежайында болған жағдай. Ұшақ ақыры ұшпады. Жолаушылар ұзақ күтті. Маңызды кездесулерге кешікті. Бірақ олардың моральдық шығынын ешкім өтемеді. Әуе компания өкілі тек билет ақшасының қайтарылатынын айтты.

Ыстық тамақ, жатын орын және такси қызметі рейс кешіктірілген немесе тоқтатылған жағдайда ұсынылуы керек. Жаңа заңда да бұл талап сақталған. Бұдан былай әр әуе тасымалдаушы жоғарыда аталған қызметтерді рейстің ұшып келу уақытына немесе бағытына әсер ететін кез келген өзгеріс кезінде де ұсынуға міндетті.

Нұржан Малаев, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі департаментінің директоры:

- Енді осы өзгерістерден кейін бүкіл отандық әуе компаниялар жолаушыларға егер рейс уақыты өзгерсе, смс-хабарлама жіберу керек. Сол смс-тің ішінде рейстің жаңа уақыты және жолаушылардың құқығы туралы ақпарат болады. Мысалы, рейс кешіктірілсе неше сағаттан кейін салқындатылған сусындар, ыстық тамақ беріледі. Және қонақүй туралы ақпарат смс-те болады.

Құқығы бұзылған жолаушылардың қатарында Алматы тұрғыны Мәриям Қонаева да бар.

Мәриям Қонаева, қала тұрғыны (Алматы):

- Биыл ақпан айында Алматыдан Вьетнамның Нячанг қаласына ұштық. Бірақ рейсті шамамен 16-17 сағат күттік. Әуе компаниясы ешқандай шығынымызды өтеген жоқ. Әуежайды басына көтеріп, шағымданған соң ғана сусын мен ыстық тамақ әкелді.

Кез келген әуе компаниясының әдепсіз жолаушыларды іріктейтін тізімі бар. Егер ұшақ бортында "қара тізімге" енген азаматтың отырғаны анықталса, әуе тасымалдаушы біржақты шешіммен рейсті тоқтатуға құқылы.

Тұрсын Жағыпарова, тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі сарапшы:

- Әуе тасымалдаушы айтады, "Біз бүгін ұшпаймыз. Неге десеңіз қазір сіздің араңызда қара тізімге кірген жолаушы бар" деп. Бұл негізі дұрыс емес. Бұл басқа жолаушылардың құқығын бұзады.

«Рейс уақыты бұрынғыдай 10 емес, 5 сағат бойы өзгерген кезде қаражатты толық қайтаруға болады. Ал өтемақы көлемінің билет құнына тек 3 процент қосылатыны өте аз. 10 процентке дейін артуы керек», - дейді Тұрсын Жағпарова.

Тұрсын Жағыпарова, тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі сарапшы:

- Сонда маған үш-ақ процент қана қосып қайтарып береді екен. Мүлдем дұрыс емес. Неге десеңіз бүгінгі күні 3 процент ол көп емес деп санаймын.

Маманның айтуынша, әуе, теміржол және автовокзал жолаушыларына ортақ call-орталық қажет. Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі алдағы уақытта келіп түсетін өтініштерге де талдау жүргізеді. Қажет болған жағдайда халықаралық стандарттар мен әлемдік үрдісті ескере отырып, осы бағыттағы заңнаманың талаптарын қайта қарайды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов, Руслан Әлиев