Дәулет Мұқаев баспанаға қатысты бағдарламаларға өзгеріс енгізуді ұсынды

Депутаттар «Жас отбасы» бағдарламасының бастапқы жарнасын 10 пайыздан аспайтындай ету қажеттігін ұсынып отыр.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Үкіметке баспана мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша: «Отбасы банкі тарапынан жүзеге асырылатын бұл бағдарламаның бастапқы жарнасы – 50% құрайды. Ал жастарға мұндай қаражат жинау қиындық тудырады.  Сондай-ақ, «Бақытты отбасы» бағдарламасы елімізде 2019 жылдан бері бар. Оған қазынадан жыл сайын  50 миллиард теңге төңірегінде қаражат бөлінеді. Бүгінге дейін бағдарлама игілігін 8 мыңға жуық отбасы көрді. Несиелеу мөлшері белгіленген аймақтар бойынша 15 миллион теңгеге тең. Алайда көпбалалы отбасыларға берілетін баспана үшін бұл қаражат аздық етеді», - дейді депутат. Сондықтан баспанаға қатысты үкіметтік бағдарламаларға өзгеріс енгізу қажеттігін айтады.

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Елімізде қолжетімді баспана – ең өзекті мәселелердің бірі. Халқымыздың Ұлы дала квартиранттары атанғаны да жанға қатты батады. Анығын айтқанда, үйсіз-күйсіз жүрген қазақстандықтарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді болмай отыр. Жастарға берілетін жалдамалы пәтер мәселесі. Жыл сайын Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кемі 1000 пәтерден 3000 пәтер берілу керек еді. Алайда, үйдің уақытында салынбауынан жастар жалдамалы пәтерлерін өткен жылы толық алмады. Яғни, бағдарлама істеп тұрған жоқ. Жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өскендіктен, алдағы уақытта берілетін пәтерлер саны да өсуді талап етеді. Әрі бұл бағдарлама тек 3 қаламен ғана шектелмей, еліміздің барлық аймақтарында іске қосылу керек.