Алматы облысында егін алқаптары ұлғайды

Биыл Алматы облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 3,5 мың гектарға ұлғайды. Оның басым бөлігін дәнді және майлы дақылдар құрайды. Көктемгі дала жұмыстарын уақытылы және сапалы өткізу, шаруаларды тұқыммен қамтамасыз ету қатаң бақылауға алынып отыр. Ал егін егу науқанына 127 мың тонна тұқым қажет. Қазір – өңір диқандары үшін еңбектің қызған шағы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алмас Садуақас, тілші:

- Суықтөбе етегіндегі егін егу науқаны 2 аптаға созылады. Қазір мына 31 гектар алқапқа арпа себіліп жатыр. Тегеурінді техникаға қажетті жанармай жеткізілген. Енді тек ерінбей, еңбек ету керек, - дейді шаруалар.

Ал егін егу науқаны қырманнан басталады. Аққайнар ауылында бұрынғы ұжымдастыру кезінде салынған қырман әлі де жұмыс істеп тұр. Арпа мен бидай тұқымын тазалау қырманшы Нұрқожа Нұрбабаевқа жүктелген. Қырманнның қыр-сырын ескі досындай жақсы біледі.

Нұрқожа Нұрбабаев, қырманшы:

- Ескі демесеңіз... Қазір жаңадан заманауи қырмандар шығып жатыр ғой. Оған қарағанда мынау әйбат. Өзі төгеді де, астынан тосып аламыз.  Бұны жаңартып тұрамыз ғой (бөлшектерін). Жаңартқаннан кейін 30-40 жыл жұмыс істейді.

Қырманда тазартылған арпа алқапқа жеткізіледі. Бүгінгі күні облыс бойын 27 тонна тұқымның сұрыптық және егістік сапасы тексерілді. Қазіргі уақытта 50 мың га жер жыртылып, 7 мың гектарына ауылшаруашылық дақылдары себілді. Жамбыл ауданы бойынша 1134 техника бар. Соның  96% көктемгі дала жұмыстарына дайын. Жанармайды арзандатылған бағамен алдық, - дейді салаға жауапты мамандар. 

Қайрат Тойшыбеков, Жамбыл аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас агрономы:

- Бізде жоспар бойынша 300 тонна аламыз деп белгілеген болатынбыз. Бірақ біз қосымша 1300 тоннаға өтінім бердік. Одан қазіргі күні алған 170 тонна. Содан әрі қарай тағы да жұмыстар жасалынып жатыр. Литрі 202 теңгеден. Егер мекемеден осында алып беретін болса, сатушы мекеме 7 теңге қосылады.

Биыл Жамбыл ауданында егіс көлемі 438 га көбейеді. Майлы дақылдардың өзі 218 га артқан. Сорбұлақ аймағында 2 мың гектарға дәнді жүгері, ал Бозой ауылында күнбағыс егіледі.

Қайрат Тойшыбеков, Жамбыл аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас агрономы:

- Биыл сол 2 мың гектарға жуық егеміз деп жоспарлап отырмыз. Барлығы тамшылатып суғару технологиясы қолданылады. Сорбұлақта 5 насос қойылған.

Жамбыл ауданымен қоса Іле мен  Талғар аудандарының суару желілерін жаңалау қажет. Ол үшін 40 млн теңге сомасына бюджеттік өтінім берілген. Алдағы 2 жылда тиісті қаражат бөлініп, жоба іске асса, облыста 22 мың гектар пайдаланылмайтын суармалы жерлер айналымға енгізілмек.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.