Бір жылдықтың орнына көп жылдық өсімдік егу ақшаны үнемдейді

Елорданы көгалдандыру мақсатында бірқатар шарлар қолға алынады.

Мәселен «біржылдықтың» орнына, «көпжылдық» өсімдіктерді көптеп отырғызу жоспарланған. Гүлдердің үлесін де 10-нан 50 процентке арттыру көзделген. Бас шаһарды жасыл желекке айналдыру жұмыстары алдағы үш жылдың еншісінде.

Биыл Елорданың шырайын, әдеттегідей, гүлденген көшелер келтіретін болады. Шаһарды көгалдандыру жұмыстары бойынша ағымдағы жылы 4 миллионға жуық гүл отырғызу көзделген. Алайда «біржылдықтың» орнына «мыңжылдық» өсімдіктердің санын екі есеге арттыру жоспарланып отыр. Қазір онымен айналысатын мердігер мекеме гүлдің 15-ке жуық түріне ерекше күтім жасауда.

Ерназар Серікбаев, "Астана-көгалдандыру құрылысы" ЖШС бас агрономы:

- Көбінесе петунья, циния, сондай гүлдерді қолданамыз. Көпжылдық гүлдер дегенде тюльпан болады. Бір жылдық гүлдерді теплицида өсіреміз, одан кейін бізде дендросад деген бар. Сонда көпжылдық гүлдерді өсіреміз.

Өткен жылы Астанада көп жылдық гүлдер 20 мың шаршы метрге егілген. Ал нақты қаншасының тамыр алғаны белгісіз. Мамандардың айтуынша, оның барлығы жергілікті климатқа сай таңдалады.

Ерназар Серікбаев, "Астана-көгалдандыру құрылысы" ЖШС бас агрономы:

- Енді күздіккке қарағанда көпжылдық гүлдер 100 пайыз өсіп тұр. Енді қазір қыстан кейін олар әлі былай оянып шыққан жоқ. Оянып шыққаннан кейін қарап, санап, қарай аламыз.

Бір жылдықтың азайып, көп жылдық өсімдік санының ұлғаюы бюджет қаражатын үнемдеуі тиіс. 

Уәлихан Қуанышев, қалалық табиғатты пайдалануды реттеу және құқық саласындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінің бас маманы:

- Бір жылдық гүлдерді бір жылға ғана отырғызамыз. Және келесі жылы қайтадан сол орынға тағы да бір жылдық егу керек болады. Ол біздің мемлекет бюджетінің ақшасынан бөлінеді. Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша 350 мыңға жуық көпжылдық гүлдер отырғызу жоспарлануда. Бір жылдықтардың саны 3 млн 500. 

Шаһарды көгалдандыру жұмыстарын мамыр айынан бастау жоспарланған. Осылайша қаладағы «көпжылдық» өсімдіктердің үлесі 10-нан 50 пайызға дейін артпақ. Биыл «көпжылдық» гүлдердің санын көбейту күн тәртібінде тұр. Алайда бірден емес, оған уақыт керек екен. Себебі қаланың көркеюі бағытындағы атқарылып жатқан әрекеттер аясында қаланың эстетикалық көрінісін бұзып алмау маңызды. Сондықтан оны жасыл желекке айналдыру өз кезеңімен алдағы 3 жылда жүзеге асатын болады. 

Альмира Оразбай, Нұрғали Мамырбаев, Руслан Алиев