Атырауда көгалдандыру аясында 5 мыңнан астам ағаш егіледі

«Атырау қаласын көгалдандыру» жобасы аясында жыл сайын 5 мыңнан астам ағаш отырғызылады.

Сондай-ақ 12 мың жарым текше метр болатын гүлзарларға гүл егіледі. Қазір қалада тамшылатып суару әдісі де жолға қойылған.

Инна Доржина гүл өсірудің қыр-сырын анасынан үйренген. 2008 жылдан бері осыны кәсіп қылыпты. Жылыжайында Канна, Гибискус, Катарантус секілді гүлдің сан түрі бар. Қазірдің өзінде көпжылдық және біржылдық әдемі гүлдердің саны 127 мыңнан асады. Енді жаз бойы Иннаның гүлдері қаланың көркін келтіреді. 

Инна Доржина, гүл өсіруші:

- Қаланы тұрғындардың көз жауын алатын әдемі гүлдермен көмкеріп, олардың көңіл-күйін көтергіміз келеді. Біз жылыжайды күзде дайындап, ақпан айында дәндерін егіп бастаймыз. Олар әбден жетілгеннен кейін мамыр айларында қаладағы гүлзарларға отырғызамыз.

«Атырау қаласын көгалдандыру» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында қала аумағына жыл сайын 5154 ағаш егіледі. Оның ішінде жеміс ағаштары да бар. Мердігер мекеменің мәліметінше, бұған дейін еккен ағаштың барлығы дерлік өсіп шыққан. Егер қандай да бір кемшілік байқалса, оны уақытында жоюға жұмыстанады. Тіпті ұрланған теректердің де орнын толтырып отыр. 

Леонид Задерный, "Атырау қаласын көгалдандыру" жобасының жетекшісі:

- Бұл жобаға кіріскен уақытымызда біз 36 су тасу көлігімен жұмыс істедік. Былтыр тамшылатып суару әдісін пайдаланып, желі ұзындығын 140 шақырымға дейін жеткіздік. Қазірдің өзінде қаладағы бақтар, гүлзарлар мен көгал тамшылатып суару жүйесімен 85 процентке қамтылған. Алдағы уақытта толық көшуге жұмыстанып отырмыз. Осының арқасында Жайық суын пайдалануды да азайтамыз.

Жобаны жүзеге асыратын 5 жыл ішінде мекеме оларды күтіп-баптауға міндетті. Жоба аяқталғаннан кейін де 1 жыл кепілдік береді. Шаһарда егілген әр өскіннің өз төлқұжаты болады. Бұл дендрологиялық жоспар дайындауға мол мүмкіндік береді. 

Алмас Сәрсенов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Келісім-шарт аясында 5 жыл ішінде 25 дана жас көшеттер егіліп, оған қоса 2000 дана жеміс бұталарын егу қарастырыған болатын. Сондай-ақ жыл сайын 700 қума метр қоршам бұталарын егу, яғни 5 жыл ішінде 4900 қума метр қоршам бұталары егілетін болады. 

Шаһарда егілетін ағаш көшеттері арнайы тұқымбақта өсіріледі. Онда олар өңірдің қатал климатына бейімделіп, көктейді. Осылайша егілген әр көшеттің тамыр алып кетуіне мүмкіндік туады.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин