Жетісу облысы «Батыл тойтарыс» әскери жаттығуы өтті

Жетісу облысында  «Батыл тойтарыс» стратегиялық әскери оқу-жаттығуларының бірінші кезеңі аяқталды.

Мақсат-  күштік құрылымдар арасындағы үйлестіру жұмыстарының тиімділігін арттыру. Оған қоса,  Көктал полигонында  десанттық-шабуылдаушы әскер де тактикалық оқу-жаттығу өткізіп, шеберліктерін пысықтады.

Бұл стратегиялық әскери оқу-жаттығуы күштік құрылымдардың арасындағы ең ауқымды шараның бірі. Жаттығу Қазақстан мен Қытай шекарасына жақын орналасқан полигонда ұйымдастырылды. Оған барлығы екі мыңнан астам әскери қызметкер мен бір жарым мыңнан артық қару мен түрлі  техника тартылды. Авиация, көлік құралдары мен ұшқышсыз ұшу аппараттары да сынақтан өтті.

Іс-шарада Қорғаныс министрлігімен қоса,Ұлттық гвардия, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Әуе қорғаныс күштері де белсенділік танытты. Ал жауынгерлер тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, кез-келген сынаққа дайын екендігін байқатты. Жоспар бойынша елді мекенді азат етіп  операцияны сәтті орындап шықты. Жаттығу жиынын Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Еркін Ботақанов бастаған  күштік құрылымдардың өкілдері бақылады.

Алмас Исабеков, ҚР ҚК десанттық-шабуылдаушы әскерлер штабының бастығы:

- Оқу-жаттығу басқа да күштік құрылымдардың әскери құрамаларымен бірлесіп әзірленді. Әрине, бұл өте қиын.  Бірақ біз мұның барлығын үйлестіре алдық. Жаттығудың көздегені осы. Бригада командирі өзінің ғана емес, сонымен бірге Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, Әуе қорғанысы күштерімен басқарылатын бөлімшелерге тапсырма береді. Міндетті ойдағыдай орындап шықтық.

Оқу-жаттығу сценарийі бойынша мемлекеттік шекарадан белгісіз топтың заңсыз өткені анықталады. Шекарашылар оларды бірден байқап жедел жетеді. Дегенмен, олардың бірнешеуі жақын маңдағы елді мекенге жасырынып үлгереді. Полиция ауыл тұрғындарын эвакуациялауға кіріседі. Ондағы халыққа психологиялық және медициналық көмек көрсетіліп, қажетті заттар беріледі. Бірнеше күштік құрылымдардың бірлесіп, жұмыс істеуінің нәтижесінде шекараны бұзғандар қолға түседі.

Алмас Исабеков, ҚР ҚК десанттық-шабуылдаушы әскерлер штабының бастығы:

- Біз гибридті іс-әрекеттерге қарсы тұра алатынымызды көрсете алдық. Әр әскери құрылымның өз міндеті болды. Соны әрқайсысы қалтқысыз атқарып шықты, деп айта алам. Әрбірі өзіңінің қызметіне адал екенін, оны аса үлкен жауапкершілікпен атқаратынын байқатты.

«Батыл тойтарыс» десанттық-шабуылдаушы әскерлердің жаңа құрамдағы алғашқы ауқымды оқу-жаттығуы болды. Өткен жылы олар еліміздің Қарулы Күштеріндегі дербес құрылым мәртебесін алған болатын.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Григорий Беденко, Сұлтан Бейсекенов