Алматы облысы Қарғалы ауылындағы көшелер 3 жыл жөндеу көрмеген

Алматы облысындағы Қарғалы ауылында 3 көшенің жөнделмей жатқанына 3 жыл болды. Бұған мердігердің жауапсыздығы себеп болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарғалыдағы жалпы ұзындығы 3 шақырымға да жетпейтін 3 көшені жөндеу былтыр қолға алынған еді. Оған бюджеттен 60 млн теңге бөлініп, жол тегістеле бастаған. Бірақ қаражаттың жартысын иегерген «Қаратау жолдары» серіктестігі жұмысты орта жолдан тастап кетеді.

Оңдасын Жадықұлов, ауыл тұрғыны:

- Бір рет те салған жоқ асфальт. Әшейін құмтасты әкеліп, төгіп тастайды, өстіп, тегістеп қояды. Болды.

Ботакөз Ибраимқұлова, ауыл тұрғыны:

- Көшені қазір, жылы кезде жасау керек. Уақытымен жасау керек. Болмайды ғой бұл! Бітті, кетті. Енді жасаймыз дейді. Оны қашан жасайды? Болмайды ғой. Күтіп жүрміз.

Құрылыс компаниясы мен Жамбыл аудандық әкімдігі арасындағы дау  Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық-экономикалық сотына жеткен. Сот мердігерді келісімшарт бойынша айыпақы төлеуге және 2023 жылдың 30 сәуіріне дейін көшелерді толық жөндеуге міндеттеді. Бұдан бөлек, биыл ауылда Кәрібаев, Панфилов және Сейфуллин көшелерін жөндеуге қаражат бөлінген.

Салауат Ибрагимов, Жамбыл аудандық автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Қазір конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр. Рәсімдер өткеннен кейін мердігер анықталады. Содан кейін жұмыстар басталатын болады. 2023 жылға аудан бойынша шамамен 50-60 км жол жөндеу жоспарланған.

Сондай ақ биыл «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша Қайназар, Қасымбек, Үмбетәлі ауылдарының көшелері жөнделмек. Қазір Ұзынағаш және Жамбыл ауылдарында 14 шақырымды құрайтын 11 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.