Риддер қаласында Орталық Азиядағы ең ірі туризм орталығы салынады

Биылғы қыста Шығыс Қазақстан облысындағы таулы аймақта 100 мыңнан аса адам демалып қайтқан.

Болашақта бұл көрсеткіш еселеп өсуі мүмкін. Өйткені Риддер қаласында Орталық Азиядағы ең ірі туризм орталығы салынады. Жоба сәтті жүзеге асса, Алтай тауларында таңғажайып демалыс орындары бой көтереді.

Риддерліктердің «Анатау» жобасы жайлы айтқанына көп болды. Талай жыл шегеріліп келген бастамаға мамандар енді шындап кірісіпті. Жоспарға сай екі бөліктен тұратын кешен салынады. Бірі теңіз деңгейінен 850 метр, ал екіншісі 2 км биіктікте. Бірнеше шақырымдық тау шаңғы трассасы төселіп, аспалы арқан жол тартылады. Сөйтіп еліміздегі Шымбұлақтай, Ресейдегі Шерегештей керемет орын бой көтереді.

Марат Қабақов, ШҚО кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі таңда Алматы қаласынан арнайы компания шақырттық, сол компания алдын ала құжатар дайындайтын болады, осы құжатарды инвесторларға ұсынатын боламыз.

Биыл билік Бұқтырманың бойын абаттандыруға ден қоймақшы. Енді су қоймасы  Абай облысының аумағында қалып қойған Алакөлдің үлгісімен дамиды. Жағалауы иін тірескен жекеменшік базадан тазартылып, курорттық аймаққа айналады. Өлке тек табиғатымен ғана емес, тарихи жәдігерлерімен де тартымды. Сондықтан Шілікті, Берел қорымдарынан адам аяғы үзілмесі анық.

Алёна Усикова, турист:

- Расымен де тарихи жәдігерлер өте көп екен. Мен өзім осында тұрсам да өткен жазда бірінші рет сақ қорымдарын көріп таң қалдым. Ерекше әсер алдым. Тіпті алыс жолдан шаршағанымды да ұмытып кеттім.

Мұхтар Тойбазаров талай туристік сапарды ұйымдастырып жүрген білікті маман. Өлкенің табиғаты сұлу, әлеуеті жоғары. Алайда бұл жаққа келетін туристерге ең алдымен әуе билеті қымбатқа түседі. Сондықтан ішкі туризмге қолдау керек деп санайды.

Мұхтар Тойбазаров, туроператор:

- Шығысқа жету үшін бірталай ақша шығады, сол билет құны осындағы турпакеттің түгел құнымен бірдей,сондықтан бір туристке екі баға сияқты. Біздің туристерге осы билеттің құнын субсидямен қайтару керек.

Бұдан бөлек инфрақұрылым мен жол бойындағы сервистік қызмет сапасын арттыруға басымдылық беру керек дейді маман. Жалпы қазір аймақта 4 ауданда туризмді дамыту бағдарламасы әзірленіп жатыр. Олар Самар,Қатонқарағай, Алтай ауданы мен Риддер қаласы.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов