Елордалық оқушы Кипрдің білім грантын жеңіп алды

Елордалық оқушы Кипрдің білім грантын жеңіп алды.

Аңсар Жанахметов "Алтын түлек" республикалық олимпиадасына қатысып, осындай жүлдеге ие болды. Елімізде жыл сайын өткізілетін білім бәйгесіне жүздеген озат оқушы қатысады. Олимпиаданың мақсаты – жоғарғы сынып оқушыларын ғылымға баулу, математикалық ұғымдарды талдап, күрделі есептерді шешуге дағдыландыру.

Мектептегі ұстаздар қауымының бетке ұстар оқушысына деген құрмет-қошеметі осындай. Бастауыш сынып оқушылары да Аңсардан үлгі алады. Өйткені ол оқуға деген құштарлығының арқасында ата-анасына салмақ салмай, шет мемлекетте білімін тегін шыңдамақ.

Аңсар Жанахметов, 11 сынып оқушысы:

- Ол Кипр ғылым университеті. Жаңадан ашылған университет. Еуропа болмағанымен, білімі жақсы дамып жатыр. Ода көбінесе туризм саласы дамығанымен, мен математикалық олимпиадаға қатысқан соң, "инженерия" факультетіне түстім. Төрт жыл оқу керек және 1 жыл оқу үшін 1,5 млн тг бағасы.

Аңсардың анасы да мұғалім. Осы мектеп қабырғасында орыс тілі және әдебиеті пәнінен сабақ береді. Ұлын бала кезінен терең білім нәрімен сусындауға, табанды болуға ынталандырып келеді.

Бақытжан Жанахметова, Аңсардың анасы:

- Менің баламның жетістігі - ең алдымен өзінің жетістігі. Өйткені Аңсар әрқашанда өз бетімен көп жұмыс жасайды. Көп оқиды. Көп есептерді шығарады. Апта сайын кітапханаға барып, классикалық әдебиетті оқиды. Әрине Аңсардың жетістігі - бұл мұғалімдердің жетістігі.

Аңсарға тағдыршешті олимпиадаға қатысуға кеңес берген ең алғашқы жан - Жадыра Еділбаева. Математика пәнінің мұғалімі қарамағындағы оқушысының қатарластарынан алғыр екенін жасырмады.

Жадыра Еділбаева, математика пәнінің мұғалімі:

- Аңсар мектепте осы 10 сыныптан бастап оқиды. Өте алғыр, қарапайым бала. Басында қабілетін байқамадым. Кейін өзінің жан-жақты ізденуі, өзін-өзі реттеуі, өзін-өзі ары қарай дамытуына қарап, бөлек бала екенін байқадым. Осы 14 жыл еңбек жолымда осындай баланы бірінші көруім. Өзіне не керек екенін біле алатындығы барлығы мені таң қалдырды. Ол балаға сабақ бергенімді мақтан тұтамын.

Талабы таудай Аңсар білімін жетілдірген соң, Қазақстанға оралады. Магистратураға түсіп, отандық ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқысы келеді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Руслан Әлиев