Тараздағы Казарма алқабының тұрғындары 1 айдан бері ауыз сусыз отыр

Тараз қаласына қарасты Казарма алқабының тұрғындары бір айдан бері ауызсудан тарығып отыр.

Мердігер компания жаңа су желісін жүргізу кезінде, тіршілік нәрі келіп тұрған ескі құбырды жарып жіберген. Онымен қоса суармалы арықтың бәрі шағал тасқа толған. Енді бұқара бақша еге алмаймыз ба деп алаңдаулы.

Гүлжазира Жабағиева 5 жыл бұрын Казарма алқабына қоныстанған. «Тұрғын тіршілік нәрін көппен бірге кеңестік кезеңде салынған су мұнарасынан алатын. Ауызсу желісі өткен ғасырдың 60-жылдары салынса да сыр берген емес», - дейді. Бірақ бір ай бұрын көше қазған техника құбырды жарып, бірнеше көшені сусыз қалдырған.

Гүлжазира Жабағиева, Казарма алқабының тұрғыны:

- Өзіміздің суымыз әп-әдемі келіп тұрған. Осылар келді да астаң-кестеңін шығарды. Я қазір суымыз жоқ, я жолымыз түзу емес. Менің өзім аурумын. 2-3 рет скорый шақырамын. Оны көршілерім де дәлелдейді. Скорыйдың өзі жалоба қылып кетті. Мен келмеймін әпке екінші деп. Келмейді міне жолдың бәрі, асты тасқа тиеді.

Казарма елді мекенінде 647 абонент бар. Былтыр мұнда орталықтандырылған су желісін кіргізу үшін бюджеттен 400 миллион теңге бөлінген. Жобаны қолға алған мердігер: «ескі құбырдың сызбасы ешқандай құжатта болмаған соң, осындай жағдайға тап болдық», - дейді.

Аманжол Құлбергенов, мердігер компанияның басшысы:

- Ешқандай еш жерде проэктіде көрсетілмеген. Еш жерде ол баланста жоқ. Бесхозный. Сондықтан да ешкім көрсеткен жоқ біріншіден. Осындай труба бар деп ешкім айтқан жоқ. Білмегендіктен оны үздік иә. Өткенде біразын жалғап бердік.

Көкөніс егіп күн көрген мұндағы бұқара биылдыққа бау бақша еге алмай қалуы мүмкін. Себебі аумақтағы құрылыс жұмыстыры кезінде арық атыздың бәрі бітеліп қалған. Тұрғындар құрылыс жұмыстары бір айдан бері тұралап қалғанын айтады. Қазірдің өзінде жұмыс істеп жүрген бірде бір техниканы көзіміз шалмады.

Вали Алиев, Казарма алқабының тұрғыны:

- Бізде мына көп арықтар көміліп жатыр. Істегенмен шамалы істейді да жартылай тастап кетеді. Енді соның кесірінен ештеңке еге алмаймыз. Бәріміз де сол агородпен бала шағамызда бағып жатырмыз ғой. Су болмаса мынау көгермейді. Көгеріп тұрған жерде әйтеуір тіршілік бар деген сөз ғой.

«Тұрғындар былтыр басталған жоба бұл уақытта бітіп қоюы тиіс еді», - дейді. Тапсырыс беруші бөлім мамандары қабылдау мерзімінің екі айға шегерілгенін растады. Қыстыгүнгі құрылыс сапаға  әсер етпеуі үшін жұмыс тоқтатылған көрінеді. Ал арық тазаулау жұмыстары жақын күндері жүргізіледі деп сендірді.

Елдос Кеңесбеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі таңда арық жүйелерінің барлығын толығымен іс-шара жоспарларын құрып, мердігер компанияларға 15-сәуірге дейін арық жүйесін толығымен тазалау туралы тапсырмалар берілген. Қазіргі таңда техникалық қадағалаушы ЖКХ бөлімі тарапынан қатаң бақылаудамыз. Кесте бойынша кешігу жоқ. Келісімшарт бойынша уақыттары бар. Уақыттарынан кешіккен жағдайда біз оларға күнделікті айыппұлын салып шара қолданамыз.

Жоба бойынша шағын ауданға 31 шақырым жаңа су желісі жүргізіледі. Жауаптылар жұмыстың 90 пайызы аяқталғанын айтады. Енді тазалық жұмыстары жүргізіліп, есептеуіш құрылғылар орнатылса, маусымда халық таза суға қосылады.

Айта кетерлігі, биыл қала аумағында 10 елді мекенге құны 6 миллиард теңге болатын су құбыры жүргізіліп жатыр.

Авторлары: Мерей Бает Тимур Сейілхан Руслан Ахатіллә