БҚО-дағы ауылдарда мемлекеттік қызметкерлер керек

Ал Батыс Қазақстан облысындағы ауылдарда мемлекеттік қызметкерлер керек.

Қазірдің өзінде 150 жұмыс орны бос тұр. Енді аймақта бірқатар маманды ешқандай конкурссыз жұмысқа қабылдауға тура келеді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша да әлеуметтік қолдауға баса назар аударылады.

Дәулет – құрылыс маманы. Ол қазір облыстық сәулет-құрылыс бақылауы басқармасында тағылымдамадан өтіп жатыр. Алдағы уақытта аудандық әкімдікте тұрақты жұмыс істеуді жоспарлап қойған. Осы мақсатта мемлекеттік қызмет мектебінде кәсіби білімін жетілдіріпті.

Дәулет Хайнолла, жас маман:

- Оқу орындарында көрсеткіші 3,33-тен кем емес оқыған жастарға ауылдарға мемлекеттік бос лауазымдарға жұмысқа конкурссыз алатындығын білеміз. Бұл біз үшін өте үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Өзімнің ауылымның көркеюі үшін, дамуы үшін өз үлесімді қосқым келеді.

Жоғары оқу орнын үздік бітірген жас мамандар мемлекеттік қызметке дәл осы әдіспен орналаса алады. Оның үстіне кадрлардың әрқайсысына «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Мұрат Байсалов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы:

- Қазіргі таңда біз 35 студенттің мемлекеттік қызметке түсу ынтасын қарастырудамыз. Жергілікті жерлерде вакансиялар болатын болса, олар сол лауазымдарға тағайындалатын болады. Бұл өз кезегінде аудандық, ауылдық деңгейде кадрлық тапшылықты барынша шешуге мүмкіндік беретін болады. Мемлекеттік қызметшілер де сол бағдарлама аясында несие, көтерме ақша алуға мүмкіндіктері бар.

Ауылдық жерлерде бюджеттік сала қызметкерлеріне де тапшылық бар. Соның ішінде 300 дәрігер мен 100-ге жуық мұғалім жетіспейді екен. Шалғай елді мекендерге жас мамандардың келгісі жоқ. Оларды ынталандыру мақсатында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы негізінде жеңілдетілген несиеге бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаражат қаралып отыр.

Бибігүл Қонысбаева, облыстық Стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы:

- Биыл 900-ге жуық маманға бірреттік жәрдемақы беріледі. Оған 310 млн теңге бөлінбек. Тағы 500 шақты маманның тұрғын үй салуы немесе сатып алуы үшін жеңілдетілген несие беру жоспарда. Бұған 2 млрд 600 мың теңге бағытталады.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жүзеге асырылғалы бері өңірде 9 мың маман әлеуметтік қолдау алған. Екі жыл бұрын бұл жобаға мемлекеттік қызметкерлер де енгізіле бастады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов