Каспий жағалауында балық жаңа тәсілмен өсіріледі

Каспий жағалауында балық өсірудің жаңа тәсілі қолданысқа енгізіледі. Маңғыстаулық мамандар торлы қоршамада шабақ ұстау технологиясын меңгеріп, су маржанын көбейтуді қолға алды. Жоспар бойынша, теңіз жағасынан 10-20 метр қашықта балық түрлерін өсіретін 20 кәсіпорын құрылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Каспий теңізін бекіре, албырт, жайын, сазан тағы басқа балықтар мекендейді. Өкінішке қарай, оларды аулау кезінде тиісті талаптар сақталмайды. Резеңке қайықта немесе жағалауда қармаққа түскен балық күн астында ұзақ уақыт қалады. Мұздатылмаған күйде, яғни тұтынушыларға сапасыз жағдайда ұсынылады. Осыны болдырмау үшін мамандар жағалау инфрақұрылымын дамытып, жаңа технология енгізуді қолға алды.  

Арман Молдашев, облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Балық аулаудан балық өсіруге көшу, осыған байланысты 2021-2030 жылға арналған өңірлік бағдарлама бекітілді. Үкіметтің қаулысымен бекітілген бағдарлама. Яғни, 2030 жылға дейін Маңғыстау өңірінде 100 мың тонна балық өсіру жоспарланған. Каспий теңізі дауылды, толқынды болғандықтан соған төтеп бере алатын торлы қоршамалар қойылуы керек. Қазақстанда мұндай тәжірибе жоқ.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Каспий теңізі қысқа әрі күшті толқында болуымен ерекшеленеді. Ішіне балық шабақтары жіберілетін металл конструкция оған шыдас беруі керек. Сол себепті торлы қоршамалар жағалаудың кез келген жеріне қойылмайды. Алдымен кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Оған қазақстандық ғылыми-зерттеу институттары қызметкерлерін тарту жоспарланған. 

Теңіз жағалауын зерттеу жұмыстарын биыл бастау көзделіп отыр. Осы мақсатта бюджеттен қаржы бөлінеді. Торлы қоршама қоюға болатын орын белгіленген соң, кәсіпкерлік мақсатта балық өсірілетін мекеме құруға инвестор тартылады. Мамандар арнайы құралдың көмегімен қандай балық түрін өсіруге болатынын да көрсетіп береді. Пилоттық жобада сыйымдылығы 10 тоннадан басталатын металл конструкциялар қолданылады.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Жаңа технологияның дәстүрлі балық аулаудан айырмашылығы, табиғи ресурстар шектен тыс пайдаланылмайды. Мамандар бұл әдіс қазір жойылып бара жатқан балық түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді дейді. Жоба аясында жаңадан жұмыс орындары ашылады. Бұл жерде ескеретін жайт, Каспий теңізі жылдан жылға тайызданып барады. Қазір судың деңгейі 29 метрге дейін төмендеп кетті.

Айдын Жарылғапова, «Қазгидромет» РМК филиалының жетекші маманы:

- Жалпы, судың дейгейі Балтық жүйесімен анықталады. 2022 жылы судың деңгейі -103 сантиметрді құрады, ол Балтық жүйесімен -29,03 метр. 2023 жылы, яғни наурыз айында судың орташа есеппен деңгейі -136 сантиметр, ал ол Балтық жүйесімен -29,36 метрді құрайды. Бір жылдағы есеп бойынша, 33 сантиметрге дейін төмендегенін көрсетеді.

Бұл өзгерістің балық шаруашылығына қаншалықты кері әсер ететіндігі жағалауды зерттеу аяқталған соң белгілі болмақ. Мемлекет басшысының Каспий мәселелерін зерттеу институтын құру туралы тапсырма бергені көпшілікке мәлім. Жауаптыларға бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдету қажеттігі айтылды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.