Жетісу облысы Қапал ауылы ауызсудың игілігін көре алмай отыр

Жетісу облысындағы Қапал ауылының тұрғындары екі жыл бұрын тартылған ауызсу жүйесінің игілігін толық көре алмай отыр. Тіршілік нәрі елді-мекеннің төменгі жағына емін-еркін жеткенімен, жоғарғы бөлігіндегі көшелерге бармай қалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

- Жабық тұр. міне. Қазір жауып қойдым. Міне аштым су жоқ. 

Қабанбай көшесінде тұратын Сағатхан Бұлтханның ауыз су жүйесі қаңтарда қатып қалған. Содан бері ол тіршілік нәрін көршісі Бақытхан Құмарханның үйінен тасып ішеді.

Бақытхан Құмарханұлы, ауыл тұрғыны:

- Мына үстінгі көше түгелдей қатып қалды. «Напор» жоқ болғаннан кейін қатты ғой деймін. Әлі шықпады. бізден алып жатыр. Мына желіні дұрыстап тарту керек пе, білмеймін. «Напорды» дұрыстау керек пе? Бірдеңе істеу керек.

Ауыл халқы ауыз су мәселесі жобаның дұрыс жасалмауынан туындады деп есепейді. Құбыр тартқан мердігер мекеме де жұмысына салғырт қарағанын алға тартып отыр.

Ерлан Ақатаев, ауыл тұрғыны:

- Мердігерлер салып жатқан кезде өзім келіп айттым, мына құбырларың жұқа деп айттым. Ол шатағың болмасын деді. Мына жобасы дұрыс емес. Төмен жақ толады, содан кейін жоғарғы жаққа келеді. Не жазда су жоқ, не қыста су жоқ. Ауылда отырып, не бақша салмаймыз.

Әйгерім Нұрмұханбетова, ауыл тұрғыны:

- Су жоқ, түске дейін болмайды. Түстен кейін сағат екілерде жан-жақтан жіберген кезде бізге су келеді. Әйтпесе, былай су болмайды.

Тұрғындар көшедегі құбырдан өз үйіне су тартқанда таяз қылып қазған. Сол себепті қыста қатып қалды, - дейді жауапты мекеме өкілі. Ол ауылдағы су жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұрғанын көрсетті.

Берік Бескемпіров, аудандық су құбыры мекемесінің учаске бастығы:

- Жұмыс жасап тұр насосымыз. Жоғары деңгей 6 атмосферамен жұмыс жасап тұр. Ауылдың бәрінде су бар. Терең насоспен жұмыс жасап тұр.

Ауылдың жоғарғы бөлігінде тұратындар тіршілік нәрінен тарығып отырғанда төменгі жақта су тоқтаусыз сарылдап ағып жатыр. Өткен қыста қысымға шыдас бермеген құбырлар 5 рет жарылған. 

Жалғас Жарылқасынұлы, Қапал ауылдық округінің әкімі:

- Алдағы уақытта арнайы комиссия келеді, анықтайды. Оларға біз өз ұсынысымызды айтамыз. Төменгі жаққа темір құбыр салуға, жоғарғы жаққа бөлек құбыр тартуға айтамыз. Соған байланысты жұмыстар атқарылады.

Ауыл халқы енді ауданнан келетін комиссияға сенім артып отыр. Сала мамандары ауызсу жүйесіндегі ақауды анықтап, мәселені біржолата шешіп берер деген үмітте.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.