БҚО-ның Тоқпай ауылындағы жаңа үйлердің сапасы сыр бере бастады

Батыс Қазақстан облысының Тоқпай ауылында сыры кеппеген көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлесі жаңбыр жауса суға толады.

Салдарынан баспанаға зақым келіп жатыр. Тіпті орталықтандырылған кәріз желісі жоқ. Әр ғимаратқа жеке құдық қазылған. Алайда инженерлік желілердің сапасы талапқа сай болмай шықты. Онсыз да тапқан-таянғанын несиеге жұмсап отырған ағайын енді еңбегіміз еш кете ме деп алаңдап жүр.

Көктемгі тасқынның салдары бұл. Жертөлелер әлі күнге сыз тартып тұр. Кәріз құдығы еріген қар суымен толып, ғимарат ішін шайып кеткен. «Толассыз жаңбырлы күндері де қайталанатын құбылыс», - дейді тұрғындар. Кәріз құдығы мен құбырлар талапқа сай орнатылмаған. Арық жүйесі мүлде жоқ. Соның кесірінен тұрғын үйлердің іргетасы отыра бастапты.

Алтынбек Шайдулин, Тоқпай ауылының тұрғыны:

- Мына отмосткамыз кезінде осы уровенмен құйылған. Ал қазір ол төменге түсіп кетті 10 см. Мына бұрыштардан подвалға су кетті. Подвалда бойымызбен бірдей су. Батып кеттік. Оны өзіміздің күшімізбен мотопомпа сатып алдық көршілермен. Сонымен откачка жасадық былай қарай.

Елдар Хайрулин, Тоқпай ауылының тұрғыны:

- Септиктері дұрыс жасалмаған. Жан-жақтары тығыздалмаған. Араларынан су кетті. Ең басты мәселе қазір сол болып тұр. Сосын арық жүйесі. Су ағып кететін жерлер жасалмаған осы ортада. 8 жыл бойы күтіп, алған үйіміз осы. 15 жыл бойы төлейміз. Сосын да шырылдап жүрміз енді.

Тоқпай ауылында қаз-қатар тізілген мына үшқабатты 20 тұрғын үй осыдан екі жыл бұрын ғана бой көтерген. Жобаға мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 2 млрд теңге шамасында қаражат жұмсалыпты. Ғимараттарды салу, инженерлік желілерді тарту және аулаларды абаттандыру жұмыстарының әрқайсысына бөлек мердігер ұйым жұмылдырылған екен. Енді салғырттық салдары оларды қайта тоғыстырды.

Жанэра Шойнова, мердігер компанияның инженері:

- Біздер тек қана үйге байланысты жер қазу жұмысы мен төбедегі жұмыстарға жауап береміз. Әрі қарай жоба жасай ма немесе қосымша септик қоя ма немесе арық жасай ма, ол уже басқа подрядчиктерге сұрақ. Біздерге үйге қатысты ондай глобальный мәселе жоқ. Үй тұр. 5 жыл ішінде біз соны устранить етіп жүре береміз. Ол деген замкнутый круг.

Әкімдік өкілдері жобаға кәріз-сорғы стансасының енгізілмеу себебін баспана бағасын қолжетімді ету әдісімен байланыстырып отыр. Сөйтіп пәтерлердің әр текше метрі 160 мың теңгеден сатылыпты. Бірақ, арзанның тұзы татымай қойды.

Амангелді Тоғызбаев, Теректі ауданы әкімінің орынбасары:

- Желтоқсан айындағы жаңбырдан-ақ кәріз желісі көпке шыдас бермейтінін байқадық. Суға толған кәріз құдығын сол бойда әкімдік есебінен тазаладық. Кейін мұндай жағдай қайталана берді. Келеңсіздікті енді мердігер ұйымның өзі жоюы қажет. Тиісті компания әрбір пәтерді аралап, жағдайда қайта саралайтын болды. Оларға кәріз желісін жаңғырту үшін белгілі бір мерзім беріледі.

Тоқпай ауылында дәл осындай тағы да жаңа үйлер салынып жатыр. Баспана кезегіндегі тұрғындар ол ғимараттардың да сапасына күмәнмен қарай бастады. Мамандар мұндай қателіктер қайталанбас үшін құрылыс барысын жіті қадағалауға уәде беріп отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов