Жетісу облысында салынып бітпеген жол бүліне бастады

Жетісу облысындағы Арасан ауылынан Талдықорған-Өскемен автомагистраліне дейінгі жол салынып бітпей жатып, бүліне бастаған. 22 шақырымды жөндеуге қазынадан 800 млн теңгеден аса қаражат бөлінген, деп хабарлайды «Хабар 24». Сөйте тұра, жолдың ойдым-ойдым болып, ойылып кетуіне не себеп? Аталған бағыттың қалған 26 шақырымы қашан жөнделеді?

Арасан ауылынан «Талдықорған-Өскемен» тас жолына дейін 48 шақырым. Ойқы-шойқы жолды жүргізушілер өгіз аяңмен бір сағатта жүріп өтеді.

Дәурен Ордабаев, жүргізуші:

- Жолда сапа жоқ. Шұрық-тесік. Күнде бір барасың, 2 күн жасайсың. Бүгін бір дөңгелегім жарылып қалды.

Расул Кузубаев, жүргізуші:

- Жолдың жағдайы нашарлау жылдан жылға. Бұрын жылда бітейтін, қазір бітемейді.

2020 жылы аталған бағыттың 22 шақырымына асфальт салына бастаған. Орташа жөндеу жұмыстары содан бері әлі жалғасып жатыр. Құрылысы аяқталмаған жолдың қайтадан ойылып кетуін сала жауаптылары былай деп түсіндірді.

Айдос Досжанов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Қапал жақтағы гранитті карьердің болуына байланысты ауыр жүк көліктері аталған жолға зақым келтірді. Бірақ мердігер мекеме жолдың конструкциясын нығайту мақсатында қосымша жобалау жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы аяқталады деп жоспарда тұр.

Күн жылынған соң, осы жолдың қалған 26 шақырымына асфальт салынбақ. Ол үшін конкурс өткізіліп, құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме де анықталған.

Айдос Досжанов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Жобаның құны 1,4 млрд теңге. Биылға 485 млн теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары осы сәуір айының аяғынан бастап жүргізілетін болады. Ең бастапқы жұмыстары су өткізу құбырларын ауыстырады.

Биыл алғаш рет Ақсу ауданындағы Суықсай ауылы мен Жансүгір кентіне дейінгі аралыққа асфальт төселеді. Қара күзге дейін облыс бойынша 200 шақырым жол жөнделіп, көлік қатынасы жақсара түспек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.