«АрселорМиттал Теміртау» жылу қазандығын салып жатыр

«АрселорМиттал-Теміртау» компаниясы Теміртаудағы №2 жылу электр орталығына жаңа қазандық салып жатыр. Заманауи құрылғы іске қосылғанда мекеменің қуаты артады. Әрі қаладағы жылу жүйесіне түсетін жүктемені азайтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі күнге дейін қазандық құрылысының 42%-і бітіп, жобаның алғашқы кезеңі аяқталды. Қазір жылыту құрылғысының қосалқы бөлшектері орнатылып жатыр.

Сергей Кривов, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ №2 ЖЭО директоры:

- Қазіргі таңда қазандықтың барабаны дайын тұр. Оны мамыр айында көтеріп, орнатуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге құбырларды дайындау жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Диірмені, желдеткіші бәрі жеткізілді. Ғимараттағы құрылыс та бітті. Енді терезелерін орнату керек және желіні ұзарту қажет.

Озық үлгідегі технологияға негізделген қазандық сағатына 420 тонна бу шығарады. Соның нәтижесінде жылу электр орталығының өндірістік қуаты артады, - дейді мекеме директоры.

Сергей Кривов, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ №2 ЖЭО директоры:

- Қазандық қосымша 80 гегаколорий жылу береді. Жап-жаңа құрылғы толықтай электроникамен жабдықталып, автоматтандырылған. Бұрынғыдай кілт болмайды. Бәрі компьютермен басқарылып, қадағаланады.

Құрылысты «AB Construction» мердігер мекемесі жүргізіп жатыр. Олар қазан айында қазандықты сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Құрылғы іске қосылғанда қаладағы жылу энергиясына деген тапшылық азаяды. Әрі ауаға тарайтын зиянды қалдық көлемі кеміп, экологиялық жағдай жақсара түспек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Айгүл Ғазизулина.