Елге автокөлікпен бидай жеткізуге тыйым салынды

Елге бидайды автокөлікпен әкелуге жарты жылға тыйым салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұйрық 10 сәуірден бастап күшіне енді. Құжаттың орындалуы қатаң түрде қадағаланып, шекарада бақылау күшейтіледі. Шектеу шарасы астық нарығындағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында қолға алынды. Өйткені соңғы жылдары отандық астық нарығы шекаралас елдерден бидайдың контрабандалық жолмен жеткізілуі салдарынан шығынға ұшырап отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков мәлімдеді. Салалық қауымдастықтардың мәліметінше, «сұр» импорт көлемі жылына 2 млн тоннаға дейін жетеді. Оның салдарынан мемлекетке жыл сайын 500 млн доллар көлемінде шығын келтіріледі.

Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- 2022 жылды біз жақсы нәтижемен аяқтадық. Соңғы 10 жылдағы рекордтық көлем жиналды. Атап айтқанда, 22 млн тонна астық және дәнді бұршақты дақылдар. Соның ішінде 16,4 млн тонна бидай жиналды. Статистика мәліметтеріне сәйкес ағымдағы жылдың 1 наурызына бидайдың оң балансы 10,4 млн тоннаны құрайды. Бидайдың осы көлемі еліміздің ішкі нарығын қажеттіліктеріне және белгілі көлемде экспортқа шығаруға толығымен жеткілікті.