Қ. Тоқаев: Қазақстан үйрететін елге айналуға тиіс

Қазақстан үйренетін емес, үйрететін, тұтынатын емес, өндіретін мемлекетке айналуға тиіс.

Бүгін Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысын өткізген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президенттің сөзінше, еліміз ғылымның озық салалары бойынша тым артта қалып қойған. Бұл олқылықтың орнын дереу түзеу қажет. Осылайша, Үкіметке ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асырып, бизнесті қаржы құюға ынталандыруды тапсырды. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Ғалымдардың ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төленетін үстемеақыны 1,5 есе арттыру қажет екендігін де атады.

Жасыратыны жоқ елімізде ұзық жыл бойы ғылымның дамуына баса назар аударылмады. Сала кенжелеп қалды. Ал өркениетті ел боламыз десек, бұл олқылықтың орнын толтыру керек. Сондықтан да мемлекет басшысы ғылымды дамыту ісіне айрықша мән берілу керектігін атады. Қазір технологияның қарыштап дамыған заманынада көш соңында қалуға болмайды деді, президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бір сөзбен айтсақ, заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек. Әйтпесе өркениет даңғылынан қалып қоюымыз мүмкін. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу. Бұл мақсат, әрине, өте күрделі, оны жақсы түсінуіміз керек.

Қазақстан үйренетін емес, үйрететін, тұтынатын емес, өндіретін мемлекетке айналуға тиіс. Бұл міндет бос сөз күйінде қалмауы керек. Ол үшін біз әрдайым батыл қимылдап, бір қадам алда жүруіміз қажет. Жұмысты дұрыс үйлестіре алсақ, бұл шаруа біздің қолымыздан келетіні анық.

Ғылымның озық салаларын жетілдіру

Жалпы елімізде мықты ғылыми мектеп бар, білікті ғалымдарымызда жоқ емес. Қазір мемлекет тарапынан салаға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Қаржыландыру көлемі де едәуір артқан. Дегенмен, әлі түзейтін тұстар жетерлік деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге әлі де болса тың серпін бере алмай отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артты. Ал ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесі, керісінше, 0,13 пайызға төмендеді. Бұл қаражаттың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 70 пайызы бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалады. Қалған 18 пайызы ғана тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге арналған. Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз.

Нақтырақ айтқанда, Қазақстан ғылымның озық салаларынан тым артта қалып келеді. Елдегі кәсіпорындардың 1 пайызы ғана микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында жұмыс істейді. Ал Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде мүлде жоқ. Сондықтан отандық ғалымдардың алдында үлкен міндет тұрғанын президент тағы да бір атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дамыған елдерде кәсіпорындардың тең жартысынан көбі – бесінші, ал 5 пайызы – алтыншы деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, біздің өндірістеріміз олармен салыстырғанда артта қалған. Бұл айырмашылықты жою – еліміз үшін өте өзекті мәселе. Сондықтан ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі. Ғылым саласы ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде аса маңызды рөл атқаруға тиіс.

Ғылыми дәрежеге төленетін үстемеақы 1,5 есеге артады

Президенттің сөзінше, Үкімет ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыруы тиіс. Ең әуелі саланы дамытудың жаңа тәсілдерін заң жүзінде бекіту қажет. Ал бизнесті ғылымға қаржы құюға ынталандыру үшін салық жеңілдіктерін жасау керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл нормаларды Кәсіпкерлік және Бюджет кодекстеріне биылдан қылдармай енгізуді тапсырды. Сондай-ақ, Президент ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төленетін үстемеақыны 1,5 есе арттыру міндетін жүктеді. Бірақ, ғылыми атағы бар, бірақ ғылымға еш қатысы жоқ ғалымдарды да ажырата білу керектігін ескертті. «Олар бұл атаққа тек әкімшілік, саяси қызметінің арқасында ғана қол жеткізген. Ғылымда кездсейсоқ жүргендерден гөрі, нағыз ғалымдарға бөлінетін қаржыны ұлғайтқанымыз жөн – деді», Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Елімізде «ақылды қалаларды» және агломерацияларды дамыту ісі өте маңызды. Сондай-ақ Каспий теңізін жан-жақты зерттеу және еліміздің биологиялық қауіпсіздігін сақтау керек. Жаңа сорттар арқылы астықтың шығымын арттыру, мал тұқымын асылдандыру, шөлді аймақтарда жеміс-жидекті үнемдеп суару сияқты мәселелерге ғылыми тұрғыдан қарау қажет. Осындай өзекті бағыттарға ауқымды гранттар бөлу керек. Шын мәнінде, гранттармен қамтамасыз етілген ғылыми жобалар өзекті, сұранысқа ие болуы қажет. Қазір көптеген ғылыми мекеменің материалдық-техникалық жағдайы мәз емес. Тіпті нашар деуге болады. Ғалымдардың жалақысы төмен. Сол себепті кейбір дарынды ғалымдарымыз шетелдің ғылыми орталықтарында жұмыс істегісі келеді. Мұны ашық айтуымыз керек. Сондықтан негізгі ғылыми-зерттеу институттарын бюджеттен тікелей қаржыландыру қажет. 

Тағы жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясына президент жанындағы орган мәртебесі берілгендігін еске салды. Қаржыландыру мәселесі шешіліп, академиктерге өмір бойы стипендия төленетін болды. Бірақ, бізде академиктердің саны тым көп екендігін мемлекет басшысы ашық айтты. Ғылымға қосқан үлесі күмәнді болса да, атаққа ие болып отырғандар жетерлік. Енді бұл мәселені академияның жаңа басшылығы оңтайлы шешеді деп президент сеніп білдірді. Ал отандық ғылымның қара шаңырағына енді мемлекет басшысының өкімімен Күнсұлу Закария жетекшілік ететін болды.

Авторлары: Риат Шони, Алмас Омарғалиев