Ақтөбе облысында жол жөндеу жұмысы қайта жанданды

Биыл Ақтөбе облысында жол жөндеу жұмысы қайта жанданды. Өңірде мың шақырымнан астам бағыт жаңартылуы тиіс. Жоспарды жүзеге асыру үшін 94 млрд теңгеден аса қаржы бөлінген. Жұрт Ақтөбе мен Қандыағаш арасы жөнделгенін асыға күтіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мансұр Есқожин, тілші:

- Батыс өңірдегі 2 облыспен бірге одан әрі Ресей шекарасын да байланыстырып тұрған трасса болғандықтан, көлік нөпірі өте көп. Күніне 5-6 мың автомобиль өтеді. Облыстағы ірі өндіріс орындары да осы жол бойында шоғырланған. Сондықтан жүк көліктерінің де саны аз емес. Бұл жайттар ескеріліп, бірінші санаттағы жолдың 2 жолағы былтыр төселіп басталған болатын, биыл міне тағы екеуі төселеді.

Құрманғазы Исмаилов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалы бөлімінің басшысы:

- 7 сәуірден бастап бірінші участок бойынша асфальтобетон жамылғысының жұмыстары басталды. Қазір жол төсемінің төменгі қабаты жүргізіліп жатыр. Осы уақыт аралығында 2,5 шақырым салынды бірінші участок бойынша, екінші участок бойынша 10 сәуірден басталды. Онда 600 м төменгі қабаты салынды.  

Жалпы ұзындығы 96 шақырым болатын жолдың 78 шақырымы бірінші категориялы, 4 жолақты болады. Қандыағаш пен Алға қалаларын айналып өтеді. Республикалық маңызы бар бағыттағы жөндеу жұмыстарының сапасын тапсырыс берушімен қатар Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы да бақылауға алған. Қарқынды басталған құрылыс көп айналмай тәмәм болуы тиіс. 

Құрманғазы Исмаилов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалы бөлімінің басшысы:

- Осы жылдың соңына дейін толығымен осы жол жабының төсемдерінің барлық жұмыстары бітіп, автожол жүргізушілерге толығымен жүруге рұқсат берілетін болады.

Жалпы, биыл облыста мың шақырымға жуық жол жөнделеді. 192 жоба жоспарланып қойған. Оның ішінде 840 шақырымы – жергілікті жолдар. 10 жоба республикалық маңызы бар бағыттарға қатысты. Жүзеге асқан жағдайда Ақтөбе облысындағы сапалы жолдар үлесі 74%-ке жетпек.

 Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков.