Таразда 200-ден аса қоғамдық көлік жетіспейді

Салдарынан шаһар шетіндегі тұрғындар автобусты сағаттап тосуға мәжбүр. Автопарк өкілдері жаңа көлік алуға қаржы жоқ екенін алға тартады. Кәсіпкерлер мемлекеттен көмек күтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аялдамада тұрған тұрғындардың жалғыз тілегі – қоғамдық көлік санын арттыру. Себебі қыстағы аязбенен шіліңгір шілдеде автобус күту жұртқа қиын.

- Менің балам сағат 6 жарымда шығады. Төле би мектеп гимназиясында оқиды. Неге ерте шығады? Автобус жоқ. Жүрмейді автобус азанда.

- Мен таза деп айта алмаймын және ескі. Орындықтарының бәрі жазылған, сырылған. Бұның бәрін жаңарту керек деп ойлаймын.

Мерей Бает, тілші:

- Біз қазір теміржол вокзалы аумағынан шағын аудандарға қатынайтын 40-бағыттағы автобустардың біріндеміз. Бұл автобустың Тараз жолдарында қатынап жүргеніне 16 жылдан асқан. Жағдайы көзге көрініп тұр. Жалпы, Тараз автопарктеріндегі автобустардың 25% тозығы жеткен.

Шаһарда жолаушылар тасымалымен 9 компания айналысады. Олардың 34 бағытта қатынайтын 340 автобусы бар. Алайда қала маңындағы шағын аудандарды қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету үшін тағы 200-ге жуық көлік керек. Ал оны бірден сатып алуға тасымалдаушы компанияларда қаражат тапшы.Ал жаңа бір автобустың құны 60-70 млн теңге көлемінде. Сондықтан қоғамдық көлік құнының бір бөлігі мемлекеттен субсидияланса дейді.

Еркебұлан Сметов, автобус паркінің директоры:

- Бәрі қаржыға келіп тіреледі, біріншіден. Егер Үкіметтен қолдау болатын болса, онда алуға болады. Дәл қазірге негізінен автобус алуға қолдау жоқ. Автобусты әр компания өзінің ақшасына алады да, айма-айға қызмет көрсетілген тек шығындарына Үкіметтен көмек бар.

Жауапты басқарма мамандары автобус ақысын мемлекет есебінен өтеу заңда қарастырылмағанын айтты. Көмек қаржы тек төмен тариф пен компаниялардың артық шығынын жабу үшін беріледі.

Ғазиз Ташметов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

- 2022 жылы 1 млрд 440 млн теңге бөлінсе Тараз қаласы қоғамдық көлігіне. Биылға 2 млрд 132 млн теңге  қарастырылып отыр. Әкімдік тарапынан тасымалдаушыларға міндеттеп отыр автобус алу. Өткен жылы 40 автобус келген. Енді биылға осы жақын арада 23 автобус келу керек. Жыл соңына дейін қосымша 30 автобус аламыз деген жоспар бар.

Жергілікті билік мәселені шешу үшін тасымалдаушы компаниялармен бірігіп 3 жылдық жоспар жасаған. Жоба аясында жыл сайын 5 бағыттан қосылмақ. Осы уақытта автопарктер 200 автобус алып келуі тиіс. Жоспар осы ретпен орындалса, Таразда қоғамдық көлік тапшылығы шешіледі.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә.