Өскеменде трамвайдағы төтенше жағдай жаттығуы өтті

Жүріп келе жатқан трамвайдан өрт шықса не істеу керек? Өскемендік өрт сөндірушілер осындай оқыс жағдайдағы оқу-жаттығу шарасын өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті дайындық шартын барынша күрделі етіпті.

Жоспар бойынша трамвай жол үстінде өртенеді. Ішінде жолаушылары бар. Құтқарушылар, ең алдымен, адамдарды аман алып қалуға күш салды. Уақыт тығыз. 5 минут ішінде трамвайдағы кісілерге оттегі жеткізу керек. Қоғамдық көлікті электр көзінен ажырату да маңызды. Жалын басқа жерге тимес үшін мамандар трамвайға көбікті аямай құйды. Бұл – жай ғана оқу-жаттығу емес, жолаушылар мен көлік жүргізушілер үшін қажет тәжірибе, - дейді мамандар. Өйткені қазіргі көліктердің көбі ескі.

Марина Лискова, ШҚО ТЖ баспасөз хатшысы:

- Жалпы, жыл басынан бері көлік өрті 20 рет тіркелді. Алдағы уақытта рейдтік шараларды жиі өткізетін боламыз. Осы арқылы автопарк басшылығы мен қоғамдық көлік жүргізушілерін сақтыққа шақырамыз. Қауіпсіздік талаптарының сақталуына мән береміз.