Қызылорда облысында ластанған су айдындарының жағалауы тазаланбақ

Қызылорда облысында өзен жағасын күл-қоқыс басып қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл Сырдариямен тіршілік нәрі мол келіп, өңірдегі 200-дей көл ернеуінен асып, толды. Алайда жағалаудағы үйілген қалдықты толқын тартып, су айдындарын ластап жатыр. Экологтар бұл өз кезегінде балықтар арасында ауру туғызатынын айтады. Сондықтан табиғат қорғау мекемелері жағалауларды қоқыстан арылтуға кірісті. Өткен жылы өзен-көл маңынан 10 тоннадай қалдық шығарған бассейндік инспекция мамандары биылғы науқанды ауқымды түрде жүргізуге ниетті.

31 мамырға дейін жалғасатын «Таза су айдындары» экологиялық акциясына студенттер мен ерікті табиғат жанашырлары көптеп тартылып жатыр. Облыс орталығын кесіп өтетін Сырдария арнасының бөлігінен бір күнде 1,5 тонна тұрмыстық қалдық жиналды. Тазалықшы топ облыстың оңтүстік беткейіндегі су арналарын аршып болғасын, Арал теңізін күл-қоқыстан арылтуға кіріседі.   

Жанқожа Сапаров, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

- Солтүстік бағыттарда, мысалы, мұздың еруі кештеу. Қорықшылар өзге қызметкерлермен бірге тазалау жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен әуесқой балықшылардан қалған ау құралдары, қоқыстары, демалушылардан қалған әртүрлі қалдықтарды тазалау арқылы келешек ұрпаққа таза табиғатымызды сақтап қалуда еліміз үшін бұл шараның маңыздылығы өте жоғары.