Елордалық полицейлер есірткі жарнамасымен күресті күшейтті

Елордалық полицейлер үй қабырғаларына жазылып кететін есірткі жарнамасымен күресті күшейтті.

Енді тұрғындар «Смарт Астана» мобильді қосымшасы арқылы тәртіп сақшыларына көмектесе алады. Астананың кез келген тұрғыны қосымшаға кіріп «Есірткіге жол жоқ» деген бөлім арқылы есірткі жарнамаланған графитиді фотоға түсіріп жүктесе болды. Қосымша мекен жайды өзі анықтап, полицияға өтініш жібереді.

Жыл басынан бері 102 қызметіне елорда аулаларында есірткі заттарының жарнамалары қаптап кетті деген 100-ден астам қоңырау шалынған.

Осындай жазулардың біріне журналист, қоғам белсендісі Тимур Асылханов та тап болған. Мәселені әлеуметтік желіге жазып, өз шағымын білдірген екен.

Тимур Асылханов, қоғам белсендісі:

- Бұл Полишинель құпиясы секілді. Мәселені барлығы жақсы біледі, бірақ ешкім оны шешкісі келмейді. Жеке өз басым бұндай жарнамаларды 2-3 рет түсіріп, парақшама салғанмын. Қаланың оң жағалауында түрлі сайттардың мекен-жайы әр үйдің бұрышында жазылған. Еріктілер мен тәртіп сақшылары осындай 30 жазуды өшірді деген хабарларды талай рет оқығанмын. Бірақ проблема өз шешімін таппай тұр.

Тимур Асылхановтың посттары өз аудиториясын жылдам тапты. Мобильді қосымшалар жасаушы Виталий Пустовойтченко жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, арнайы онлайн-сервис әзірлеген. Бұның көмегімен кез келген адам полицейлерге өтініш тастай алады.

Яғни, «смарт астана» қосымшасында «есірткіге жол жоқ» деген бөлімде тыйым салынған заттарды сататын сайттар жазылған жерді фотоға түсіріп, жүктеу қажет.

Виталий Пустовойтенко, мобильді қосымша әзірлеуші:

- Бұл қосымша бірнеше мәселені шешеді. Мәселен, біз халықты «соль», «собачка», «мяу» деген жазу бар атаулар – синтетикалық есірткіні білдіретіндігінен құлағдар етеміз. Кейін бұл проблемаға бей жай қарамайтын адамдар осындай суретті салып жатқан бұзақыны да қолға түсірулері мүмкін.

Жыл басынан бері тәртіп сақшылары есірткі жасаумен айналысқан 4 зертхананы анықтаған. Заңсыз айналымнан 50 келіге жуық тыйым салынған зат тәркіленген.

Полицейдердің айтуынша, елордалық жастар арасында синтетикалық есірткі кең танымалдылыққа ие. Қаңтар айынан бері осыған қатысты 73 құқықбұзушылық дерегі тіркелген.

Нұралы Тәңірбергенов, Астана қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі:

- Ақпараттық қызметті Астананың азаматтарына 2 рет басу арқылы тұрғын үйлердің, ғимараттардың, үй-жайлардың және басқа да орындардың қабырғаларында орналасқан жарнамалық жазулардың фотосуретін аталған қосымшаға жіберуге мүмкіндік береді. Бағдарлама мекен-жайды автоматты түрде оқып, полицияға хабарлама жолдайды. Жыл басынан бері жергілікті полиция қызметі есірткі бизнесі саласында 8 қылмысты ашты.

Ал жалпы жыл басынан бері Астанада 57 қылмыстық іс қозғалған. Оның 65 пайызы дәл осы есірткі затын сатуға қатысты екен.

Әлия Қибатқызы, Астана қаласы Полиция департаменті басқармасының аға жедел уәкілі:

- Көбінесе жұмыс ұсынылады, 16-25 жас аралығындағыларға. Жұмасына 1 мың долларға дейін ақшалай сыйақы мөлшерінде ұсынылады. Ол жерде балалар синтетикалық есірткі заттарын таратумен, сатумен айналысатын сайттардың электрондық адрестарын жазып кетеді. Бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартсақ, қазіргі таңда 2019 жылдан бастап бұл қылмыстық іс болып саналады. Жай графитидің өзін салудың өзі 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айырады тұлғаны.

Енді алдағы уақытта мобильді қосымша авторлары есірткі заты елорданың қай мекемелерінде де таратылып жатқандығын көрсете алатын бөлімді қосуды жоспарлап отыр. «Бұл астаналықтарды демалыс орнын таңдар алдында мұқият ойландыратын болады», – дейді мамандар.

Авторлары: Сағыныш Рахым, Артур Горшняков, Диас Қобланбаев