Ақмола облысындағы шалғай ауылдарда 38 амбулаториялық-емхана салынады

Ақмола облысындағы шалғай ауылдарда 38 амбулаториялық-емхана салынады.

Медициналық нысандардың құрылысына қазынадан 8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Әсіресе халық көп шоғырланған елдімекендерге ерекше екпін беріліп отыр. Жалпы аймақта жөндеуді қажет ететін әлі 52 медициналық нысан бар.

Бұл қала іргесінде орналасқан Жаңауыл ауылының фельдшерлік-акушерлік пункті. Тоқсаныншы жылы салынған нысанның әбден тозығы жеткен. Қабырғалары да қопсып тұр. Сақтайтын жер болмағасын отыны мен көмірі далада жатыр. Оның үстіне медициналық мекеме ауылдың шетінде орналасқан.

Айгүл Залелова, медбике:

- Мен енді жасырмаймын. Халыққа келуге қиын. Жастар келеді. Кәрі адамдар келе алмайды.

Емхананың жағдайы қызмет көрсету сапасына айрықша әсер етеді. Жақсы аудандының ауылдық медбикесі Юлия Нұрсейітова осылай дейді. Себебі осыған дейін ол көп жылдар науқастарды ескі емханада емдеп келген. Ал қазір жаңа нысанға ауысып, жұмысын жалғастырып жатыр.

Юлия Нұрсейітова, медбике:

- Біз тұрғындарды күн сайын қабылдаймыз. Шамамен күніне 8-10 адамнан келеді. Сондай-ақ, келе алмайтын науқастардың үйіне өзіміз барамыз. Жаңа ғимаратта барлық қолайлы жағдай жасалған. Тіпті орталықтандырылған қазандыққа қосылған.

Айталық, өңірдегі ауылдық емханалар кезең-кезеңімен жөнделмек. Ал жаңадан бой көтеретін мекемелер үшін арнайы жер телімдері де бөлінген. 

Тоқтар Қоңырбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы жылы 15 елдімекендегі медициналық нысан қайта жаңартылады.  Жөндеу және жаңадан салуға  22 құрылыс учаскесі бөлінді. Бұдан бөлек, осы жылы бізде пилоттық жоба жүзеге асады. Жоба аясында Ақкөл, Шортанды, Целиноград аудандарына қарасты ауылдарда фельдшерлік акушерлік пункттер салынады.

Емдеу нысандарының техникалық базасын нығайту да көзделген. Әсіресе, ауылдық емханаларды заманауи қондырғылармен қамтамасыз ету маңызды. Бүгінде облыс орталығына шалғай орналасқан елдімекен тұрғындары үшін оннан астам жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный