Жетісу облысы Бөрібай би ауылына жол салына бастады

Жетісу облысының Панфилов ауданындағы Бөрібай би ауылына алғаш рет асфальт жол салына бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алтынемел тауының етегіндегі елді мекеннің іргетасы сонау ұжымдастыру кезінде қаланған. Содан бері 100 жылдан аса уақыт өтсе де, жергілікті халық қара жолмен қатынап келді. Мектебі мен мәдениет үйінің жағдайы да мәз емес еді. Қордаланған мәселелер бұған дейін біздің телеарнадан көрсетіліп, жергілікті биліктің назарын аударды. 1 жыл бұрын білім ордасы бой көтерсе, енді, міне, жолы жасалып жатыр.

2 жыл бұрын Бөрібай би ауылының 6 шақырымдық кірме жолы сан тарау болып жатқан. Аудан орталығына қатынайтын жүргізушілер көктем мен күзде балшыққа, ал қыста омбы қарға батып қалатын.

Қанат Базарбаев, ауыл тұрғыны:

- Қыста қиын болатын. Трактор жалдап, жол аштыратынбыз. Осы биылғы қыста жолымыз ашық болды. Қар үрлеген жоқ. Жабылған жоқ. 

Жобаға 1 млрд 100 млн теңгеден аса қаражат бөлінді. Тендерді жеңіп алған мердігер мекеме топырақ пен қиыршық тас төгіп, жолды биіктеткен. Асфальт төсеуді ауылдан бастаған олар жұмысты маусым айына дейін аяқтауы тиіс. 2 жылда жолы салынып, мектебі тұрғызылған ауыл тұрғындарын енді 2 мәселе толғандырып отыр. 

Жайлаубай Көбенбаев, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

- Құлып пенен бұрынғы салынып кеткен мед.пунктты жасап берсе, басқа жағдай, тәуба, жаман емес, тіршілік етіп жатыр.

Бөрібай би ауылының жанындағы Ынталыға да бұрын соңды арнайы көлік жолы салынбаған. Жергілікті билік биыл сол елді мекенге де асфальт төсеуді  қолға алмақ.  

Арынғали Саурықов, аудандық автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- ЖСҚ сәйкес 2 млрд 641 млн теңге бөлініп отыр. Атқарылатын жұмыс ауқымды болғанан кейін 3 жылға жоспарланып отыр. Биыл Ынталы ауылының кірме жолына 300 млн теңге қарастырылып қойды. Қазір конкурстық процедуралар аяқталып, келісімшарт жасалып жатыр.

Осы жылы «Алматы-Талдықорған» тасжолынан Панфилов ауданына қатынайтын «Сарыөзек-Көктал» республикалық автомагистралінің құрылысы жанданды. Сонымен бірге «Көктал-Жаркент» аралығы да қалыпқа келтіріле бастады.

Жалпы, биыл облыс бойынша 200 шақырым жол жөндеу жоспарланып отыр.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.